Қазақстандық ауыр атлет Зүлфия Токиодағы Олимпиада ойындарында қола медальға ие болды. Чиншанло Olympic.kz сайтына берген сұхбатында 2024 жылғы Олимпиадаға қатысатынын және бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге тырысатынын айтты.
«Жетістігіме көңілім толады. 2014 жылғы әлем чемпионатынан кейін менде айтарлықтай жақсы нәтиже болған жоқ. Ең бастысы, жақсы эмоцияларды сезінетін кез келді. Расында, қуаныштымын. Серпе көтерудегі үшінші мүмкіндігімді пайдаланған жоқпын. Өйткені, бәрібір қуып жете алмайтын едім. Жаттығу жиындарында 130 келіні алаңсыз көтеріп жүрдім. Бірақ ол кездегі салмағым 57 келі еді.
Олимпиадада салмақ қуып, 2,5 келіден арылуға тура келді. Жұлқа көтеруден кейбір нәтижелерімді есепке алмады. Қолымды тік ұстамағаным, тепе-теңдікті сақтамағаным себеп болды. Яғни, сәл ғана артық қимыл жасасаң, салмақты есепке алмайды», – дейді Зүлфия Чиншанло.
Чиншанло бапкерлері мен жанкүйерлеріне риза екенін айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Айтуынша, бір жылдан соң Азия ойындары өтеді. Тіпті, Париж олимпиадасына да қатысуға дайын.
«Виктор Ни, Бақыт Ахметовтерге алғысым шексіз. Жанкүйерлерге ерекше ризашылығымды білдіремін. Париж Олимпиадасында сынға түсуге тырысамын. Бір жылдан соң Азия ойындары да күтіп тұр. Токиодан соң аздап демалып, болашаққа жоспар құрамын. Әзірге, жұлқа көтеруді біраз жақсару керек. Бір жылдан соң 2024 жылғы Олимпиадаға қатысты бәрі белгілі болады», – деді Чиншанло.