Қоғам белсендісі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мұхтар Тайжан Токиода өтетін Олимпиада ойындарының тікелей көрсетілімінің төңірегіндегі даулы мәселеге қатысты өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді.
«Олимпиада ойындарының тікелей көрсетілімі 8 сағаттан кейін басталады. Біздің еліміздегі көрсетілім мәселесі әлі шешілген жоқ. Ел намысын қорғайтын 96 спортшыны миллиондаған жанкүйерінен айыруға болмайды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында осындай келеңсіздік орын алса, бұл масқара болмақ.
7 миллион долларға тіреліп тұр ма мәселе? Шынымен осылай ма? Сіздер 1 миллиард доллар жұмсап, ЛРТ құрылысын қайта бастауға пейілді келесіздер. Ал көрсетілімнен 7 миллион доллар үнемдемексіздер.
Сіздер бізге Қырғызстаннан жоғары баға қойды деп ренжіп қалдыңыздар ма? Көрші елдің ЖІӨ көлемі біздің бір ғана қаламыз – Алматыдан әлдеқайда аз. Қазақстанның ЖІӨ көлемі Орта Азия елдерінің барлығынан жоғары.
Ал мемлекеттік қаражаттың мемлекеттік бағдарламалар мен квазимемлекеттік сектор арқылы талан-таражға түсіп жатқаны бөлек әңгіме. Олимпиада ойындарын тікелей көрсетуге де түк қалдырмай қылғытып қойғансыздар ма? Бұл Олимпиада ойындарының ұйымдастырушыларының емес, біздің ішкі мәселеміз. Немесе сіздер АҚШ пен Қырғызстан үшін бағаның тең болғанын қалайсыздар ма?
Уәж айта бермей, осы мәселені шешіңіздер! Әйтпесе бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы масқарасы шыққаны болмақ. Сондай-ақ, Олимпиада комитетінің миллиардерлері үшін де ұят болады.
Уақыт кетті, күтеміз!» - деп жазды М.Тайжан.