Қаржы мониторингі агенттігі бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен вице-министр Олжас Әбішевке қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын аяқтады.
Мекеменің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, еліміздің денсаулық сақтау саласының бұрынғы басшылары жарамсыз бағдарламалық қосымшаны пайдалануға және қабылдауға жол бере отырып, қызметтік уәкілеттілігін асыра пайдаланды деп айыпталған.
Арнайы платформа науқастар туралы және дәрі-дәрмек туралы барлық ақпаратты біріктіріп, денсаулық сақтау саласындағы жедел әрекет ету қарқынының артуын қамтамасыз етуі керек еді. Бүгінгі күні медициналық мекемелер аталмыш платформаны мүлде қолданбайды. Бұл ақпараттар нақты фактілермен расталған.
Істелмеген жұмыстың жалпы құны 4,1 миллион доллар (1,5 миллиард теңге) құрайды.
Сонымен қатар, экс-министр Елжан Біртанов 2020 жылдың маусым айында санитарлық авиация ұшағын жеке мақсатта пайдаланды деген күдікке ілінген.
7 шілде күні сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының аяқталып, қылмыстық іс материалдарымен танысу жұмыстары басталғаны хабарланды.