Нұр-Сұлтанда Алаш қозғалысының көсемдері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатовқа ескерткішорнатылды. Бұл туралы Қазақстан Президентінің көмекшісі Ерлан Карин мәлімдеді.
Ескерткішті ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев Алаш қайраткерлерінің мемориалына гүл шоғын қойып, салтанатты шараға қатысушылардың алдында сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Президент Алаш арыстарына арналған ескерткіштің Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен Елорда күніне орай ашылуының символдық мәні зор екенін атап өтті.
«Әлихан – Алашорда үкіметін басқарған мемлекет қайраткері. Ахмет – халқымызды білім мен ғылымға жетелеп, рухани ұстаз болған әйгілі ағартушы. Міржақып – ұлт бірлігі ұранына айналған «Оян қазақ» пен тұңғыш қазақ романының авторы, көрнекті қаламгер. Үш қайраткер де – бірегей тарихи тұлғалар. Бұл ескерткіш – барша Алаш ардақтыларына деген құрметіміздің көрінісі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз сөзінде Алаш қайраткерлерінің еңбектері Алаштану ғылымының аясында жан-жақты зерттелу қажеттігіне назар аударды.
«Алаштану ғылымы арыстарымыздың еңбектерін барынша қамтуы керек», – деді Мемлекет басшысы.