Президент сайлауынан кейін Иран тізгінін ұстаған Ибрахим Раиси АҚШ-тың ядролық келісімге келуі керек екенін айтты. 18 маусымдағы президент сайлауынан кейін ресми түрде билікке келген Раисидің алғашқы мәлімдемесі АҚШ пен Еуропа елдеріне бағытталды. Турасында, Тегеранға қысымын үдете түсу үшін Вашингтон тарапы да келісімге келуге қарсы емес сияқты. Әрине, бұл жерде мүдделер қайшылығы орын алатыны өздігінен түсінікті. Иранның жаңа көшбасшысы осындай сын сағатта ел үмітін ақтай алады ма?
Ибрахим Раиси ядролық мәселелерді жатқа соғатын адам екені белгілі. Соңғы бір жарым жыл ішінде түйген ойын ол алғашқы баспасөз мәслихатында-ақ жайып салды.
«Америка мен Еуропа елдері келісімге қалай қарағаны туралы ойлану керек. Америка тарапы бұл келісім талаптарын бұзса, Еуропа елдері уәделерінде тұрмады. Мен АҚШ-қа былай дегім келеді: жоспарға сәйкес, өз міндеттеріңді орындаңдар. Жексенбі күні Венада ядролық келісім бойынша алтыншы мәрте келіссөздер өтті. Бірақ ауыз толтырып айтарлық нәтиже жоқ. Ал Еуропа елдері Американың қысымы мен ішкі саясатына алданбауы керек. Еске салайы, 2015 жылы Иран, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесі және Германия алдағы уақытта атқарылатын іс-әрекеттер жоспарын құрып, келісімге келген. Тараптар Ираннан барлық санкцияларды алып тастап, орынына ядролық бағдарламаны шектеу келісім алды. Бұл жүріс барлық тарапты қанағаттандырған еді. Бірақ 2018 жылдың мамыр айында АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп осы келісімді өз бетімен бұзды. ЕуроОдақтың көмегін күте-күте Тегеран тарапы келісім аясындағы міндеттерін орындаудан бас тартқан. Бұдан басқа жол да жоқ еді. Біз осылайша уран өндірісін 60 пайызға дейін көтердік», - деді жаңа президент.