Мемлекет басшысы Қазақстанға жұмыс сапарымен келген АҚШ-тың Ауғанстандағы татуластыру жөніндегі арнаулы өкілі Залмай Халилзадты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың
баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша Қазақстан мен Америка арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамытудың перспективалары, соның ішінде, АҚШ пен НАТО әскерлерінің осы елден шығарылу барысы қарастырылды. Сонымен қатар Ауғанстан мемлекетінің тұрақтылығы мен әлеуметтік-экономикалық дамуын қайта қалпына келтіру жөніндегі екіжақты және көпжақты іс-қимылдарды үйлестіру мәселесі де сөз болды.
Қазақстан Президенті америкалық дипломатқа ілтипат білдіріп, оның бұл сапарының елдеріміз арасындағы жоғары деңгейдегі диалогты сақтау тұрғысынан маңызы зор екеніне тоқталды.
"Биыл біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы уақыт аралығында біз достыққа және өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген қатынастарды орната алдық. АҚШ – Қазақстаның сенімді серіктесі. Біздің әртүрлі бағыттар бойынша, соның ішінде, сауда және экономика салаларындағы белсенді ықпалдастығымыз жолға қойылған", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.