Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Қазақстан Президенті туралы "Хабар" агенттігі түсірген "Преодоление" деректі фильмінде Қасым-Жомарт Тоқаев туралы айтты.
Лавров сұхбатында Тоқаев Ресей мен Қазақстан арасындағы Одақтастық қатынастарға тікелей үлес қосқанын атап өтті.
"Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған біздің одақтастық қатынастарымыздағы, стратегиялық әріптестік байланыстарындағы үдерістерді Тоқаев лайықты жалғастырып, үлес қосты. Нұрсұлтан Әбішұлы Еуразиялық интеграциялық үдерістің негізін қалады. Біз инфрақұрылымның тармақталуын, логистикалық тізбектерді неғұрлым тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қатынастарды дамытудамыз – мұның бәрін бірлесіп жасау әлдеқайда тиімді", - деп атап өтті Сыртқы істер министрі.
Лавровтың айтуынша, жоғары лауазымға қарамастан, Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым.
"Достарына сенетін, өз кәсібіне, еліне адал адам. Біз онымен ұзақ жылдар бойы, оның ішінде министрлікте жұмыс істеген жылдары ұзақ уақыт байланыста болдық.Ол министр болған кезде біздің қарым-қатынасымыз тұрақты болды: сапарлар, келіссөздер, консультациялар. Содан кейін, ол Сенат төрағасы болған кезде, мен Астанаға әр келген сайын қабылдайтын еді. Бұл маған ерекше рахат сыйлады, өйткені әңгімелер әрқашан ашық өтетін", - деп еске алады Лавров.
Ол сондай-ақ Қазақстан Президентінің халқына деген адалдығын атап өтті.
"Ең алдымен, бұл өз міндетіне, халқына, Отанына деген адалдық. Бұл мақтау сөздер емес. Бұл біз көріп отырған жағдай. Қасым-Жомарт Кемелұлын білетіндердің бәрі осы жоғары қасиеттерді атап өтеді. Екіншісі - жоғары эрудиция, шет тілдерін жетік білу, халықаралық мәселелерді және өз елін жақсы біледі", - деп қорытындылады Ресей СІМ басшысы.