Президент тағына отырған Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы кадрларын атқа мінгізе бастады. Бізде: «Бір кісі таққа отырса қырық кісі атқа отырады», деген сөз бар. Сол сияқты бір кісі тақтан түсіп еді, біраз кісі аттан түсті. Маңғыстау табиғатынан мінезі бөлек өлке. Еңбекқор елі де көлгірсуге көнбейтін бірбеткей батыр жұрт.
Серікбай Өтелгенұлы сол жұрттың ортасынан шыққан және ең қиын сәтте ағайын елдің алдында қарсы қарап тұрып, сөз айта алатын азамат.
Оған куә: сонау жылы Өзен қаласына басшы болып баруы; Өзендіктердің өзегін өртеген отты басуы; ашуын ақылға жеңдіртіп, қапалы-қазалы қаланы қалпына келтіруі.
Маңғыстау табиғаты тәкаппар өлке дедік қой. Қадір Мырза-Әлі айтқандай: «Ол жерді сүю үшін ол жерде туу керек». Форт-Шевченкода туған құрылыс инженері маманы Серікбай Өтелгенұлы Тұрымов басшылық қызметін Түпқараған ауданының әкімдігінен бастаған. Өзен қаласының әкімдігінен соң Ақтауды басқаруға, кейін Маңғыстау облысының маслихат хатшысы қызметіне барған. Құрмет орденінің иегері.
Тұрымов туған жеріне қызмет етудің үлгісін жасаған жігіт. Қай қызметте де xалқының алғысына бөленген, артынан алабөтен сөз ермеген азамат.
Бұдан бұрынғы басшыны ана бір кезде ауысады-ау деп ойлағанбыз «Бірінші орынбасары бір қап ақша көтеріп Әуежайда жүр» дегенде. Кешігіп кетті. Жолы болсын!
Серікбайдың қызметіне сәттілік тілейміз. Майлы қиян – мұнайлы Маңғыстау Мемлекет ырысының мәйегі. Мәңгілік елдің бір тірегі.
Тұрымов туған жеріне, туған еліне қызмет етудің тағы бір биік үлгісін танытар.
Маңғыстау жұрты мақтаулы басшыға кенелді, құттықтаймыз!
Байрағыңды тік ұста!