ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында 2021 жылғы қаңтар-сәуірдегі инвестицияларды тарту бойынша атқарылған жұмыстың қорытынды көрсеткіштері қаралды. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев осы жылдың 4 айында тау-кен өндірісі өнеркәсібін есепке қоспағанда, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 32,3% деңгейінде өсім көрсеткенін айтты. Министр ҚР экономикасының қалпына келу траекториясына шығуы аясында осы жылдың 4 айының нәтижелері бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар өсімінің жоғары қарқыны өңдеу өнеркәсібінде (112,8%), ауыл шаруашылығында (66,1%) және құрылыста (72,4%) байқалғанын атап өтті. Ұлттық экономиканы қалпына келтірудің маңызды факторларының бірі қызмет көрсету секторындағы көрсеткіштер болды.
Биылғы қаңтар-сәуір айларының нәтижелері бойынша соңғы 12 айда алғаш рет көрсетілетін қызметтер секторындағы өсу қарқыны оң динамика көрсетті. Көрсетілген динамика аясында негізгі капиталға салынған инвестициялар ағынының жоғары қарқыны сауда (28,3%), көлік және қоймалау (27,6%), қаржы және сақтандыру қызметі (28,6%), жылжымайтын мүлік операциялары (27,5%), білім беру (10,3%), өнер, ойын-сауық және демалыс (30,9%), сондай-ақ ақпарат және байланыс (61,2%) секілді салаларда байқалды.