Елордада Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновке ескерткіш орнатылды. Халқының қаһарман ұлына деген құрмет ретінде мүсін толықтай қоладан құйылған. Бас қалада бұған дейін көшелердің бірі батырдың есімімен аталғанымен Талғат Бигелдиновтің ескерткіші болмаған еді.
Жобаны жүзеге асыруға атсалысқандар – мүсінші Нұрлан Далбай мен сәулетші Расул Сатыбалдиев. Ескерткішке деген көпшіліктің, әсіресе ұрпақтарының алғысы ерекше болды.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов ескерткіштің Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылғанын атап өтті.
«Ұлы Жеңіс қарсаңында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Талғат Бигелдиновке арнап ескерткіш ашылды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері ерліктің, табандылықтың, өскелең ұрпақ үшін ерлік пен даңқтың үлгісі болып саналады! Батыр ата-бабаларымыздың арқасында қазір бейбіт күнде өмір сүріп жүрміз! Біздің міндетіміз - батырларды жадымыздан шығармай, еске алу», - деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Сурет: Александр Куприенко