ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Бұл туралы primeminister.kz сайты
хабарлайды.Қазіргі ахуал және халықты вакциналау барысы туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, өңірлердегі ахуал туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов баяндады.
«Вакциналаудың осы қарқынын төмендетпей, оны тек өсіру керек. Халықтың коронавирусқа қарсы вакцинаға қажеттілігін барынша қамтамасыз етіп, пандемия деңгейін төмендету үшін барлық шаралар іске асырылуда. Ауыл тұрғындарына вакцина салуға ерекше назар аудару керек», — деді А. Мамин.
Премьер-Министр вакцина алғандар санының артуына қарамастан, азаматтар белгіленген санитарлық нормаларды әрі қарай да қатаң сақтауы тиіс екенін атап өтті.
Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, көшпелі вакциналау пункттерін қолдануды кеңейте отырып, ауыл тұрғындарын барынша вакциналауды қамтамасыз етуді тапсырды.
«Мамырда екі миллионнан астам адамды вакцинамен қамтамасыз ету жоспары орындалуы тиіс. Әлеуметтік-экономикалық объектілердің жұмысын шектеудің жаңа критерийлерін, сондай-ақ вакцина алғандарға жеңілдіктерді енгізуді бақылау керек. Бұл, әсіресе, қызмет көрсету саласында бизнесті жандандыруға мүмкіндік береді», — деді А.Мамин.
Сурет: inbusiness.kz