Тележурналист, продюсер Серік Аббас-Шах бейберекет салынып жатқан нүктелі құрылыстар Алматы қаласының архитектуралық келбеті мен экологиясына орасан нұқсан келтіретінін айтып, Елбасыға хат жазды.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Алматы қаласының Сіз үшін де, жалпы Қазақстан тарихы үшін де орны ерекше екенін жақсы білеміз. «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» деп дәл тауып айтқан да Өзіңіз едіңіз. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Өзіңіздің басшылығыңызбен қарыштап дамыды, дамып келеді. Әлемге танылдық, жаңа елордамызды салдық. Алматы да көркейіп, ажарлана түсті.
Десек те, еліміздің мәдени астанасы саналатын Алматыға байланысты шешілуі тиіс проблемалар жетерлік. Аталмыш проблемаларға Өзіңіз араласпасаңыз, жағдайдың оңалатын түрі жоқ. Нақтырақ айтар болсам, бейберекет салынып жатқан нүктелі құрылыстар (уплотнительные застройки) Алматы қаласының архитектуралық келбеті мен экологиясына орасан нұқсан келтіріп жатыр.
Сондай құрылыстардың бірі дәл қазір Қазақ ұлттық университетінің (КазГУ) әл-Фараби даңғылына жақын жерінде қарқынды жүріп жатыр. Заңгерлердің айтуынша, бұл жерлер заңсыз түрде жеке меншік компанияларға берілген. Бұрын студенттер мен профессорлар, Алматының қарапайым тұрғындары серуендейтін паркте енді бизнес-центр мен элиталы тұрғын-үй бой көтермекші.
Заңсыз құрылыс нысандары алматылықтардың үлкен наразылығын тудырды. БАҚ-та, әлеуметтік желілерде дүркін-дүркін материалдар шығуына қарамастан, құрылыстың тоқтайтын түрі жоқ. Алматы қаласы мен ҚазҰУ басшылығы жерлердің қалайша жекеменшікке өтіп кеткендігі туралы мардымды жауап бермей отыр. Осыдан кейін қарапайым халықтың талабы мен мұң-мұқтажына биліктегілердің назар аударып, санаспайтынына көз жеткіземіз. Бұл өз кезегінде халықтың ызасын тудырып, билікке деген сенімге селкеу түсіреді.
ҚазҰУ студенттеріне қазірдің өзінде жатақханаларда орын жетіспейді, ал болашақта университетке жаңа кампустар салу мұқтаждығы туындауы мүмкін. Сондықтан ҚазҰУ-ге тиеслі жерлерде тек университеттің керегіне жарайтын ғимараттар салынғаны дұрыс деп есептейміз.
Аса мәртебелі Елбасы! Әсем қала – Алматының тарихы көркін сақтап, экологиясын жақсартуға септік етуіңізді сұрай келе, ҚазҰУ қалашығындағы заңсыз құрылыстарды және жалпы мегаполистегі нүктелі құрылыстарды тоқтауға пәрмен беруіңізді өтінеміз.
КазГУ түлегі Серік Абас-шах
Фото: 365info.kz