Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек белгілі YouTube арналардың біріне көлемді сұхбат беріп, Алматы қаласы әкімі болып тұрған кезде қабылдаған шешімдері жайлы тарқата айтып, оппозициялық белсенді Жанболат Мамайдың өзіне кінә артқан сөздеріне жауап берді.
Сұхбат барысында Бауыржан Байбек Жанболат Мамайдың сөздерін жоққа шығарып, былай деді:
«Жасы отыздан енді ғана асқан Жанболат Мамай туралы естігенмін. Жақсы оқыған деген ақпараттарды көзім шалды. Ол өзінің мәлімдемелерін журналистік зерттеу деп санайды екен. Ғылымдағы докторлық жұмыс сияқты ол да белгілі бір дереккөздерге сілтеме жасайды. Негізгі дереккөзі – заңға қайшы әрекет ететін, әлеуметтік жанжалдарды қоздыруды көздейтін, қоғам ішінде іріткі салуды мақсат тұтатын Uzun Qulaq телеграм-арнасы».
Оның айтуынша, белсенді фейк дереккөздегі ақпаратты әбден бойына сіңіріп, өз атынан сөйлейтін көрінеді.
«Мен Мамайдың бұл әрекеті саяси тұлғаның шындыққа негізделмеген ақпаратты тексермей мәлімдеме жасауының алғашқысы және соңғысы болады деп ойлаймын және солай үміттенемін. Мен Мамай мырзаның Үшінші рейх принциптеріне арқа сүйейтінін айтқым келеді. Нацистік идеолгтардың бірі Йозеф Геббельстің «өтірік қаншалықты сорақы болса, оған сендіру соншалықты оңай» деген сөзі бар», - деді Байбек.
Сонымен қатар, билік партиясы төрағасының бірінші орынбасары Алматы әкімі қызметін атқарып тұрған кездегі жұмыстарына байланысты өзін айыптаушылардың көп екенін айтып, ойын ашық жеткізді.
«Егер нақтысын айтсақ, мені айыптайтындар Алматы қаласында әкім болып тұрғандағы жұмысыма шүйлігеді. Жерді талан-таражға салды деген сияқты түрлі алып-қашпа әңгімелер де бар. «Қазақфильм» туралы айтсақ, бұл – жүз пайыз мемлекет меншігіндегі мекеме. Жер көлемі шамамен 17 гектар аумақты алып жатыр. Жер қала қарамағында болды. Жер телімінің жартысында «Қазақфильм» ғимараты орналасқан, ал екінші жартысы – жасыл зона, яғни, түсірілім алаңқайлары.
Міне, сол кезде «Қазақфильмнің» тарапынан этноауыл құрылысын салу туралы ұсыныс түсті. Сол кезде 5,5 гектар жерді құрылысқа беру туралы шешім қабылданды. Осыдан кейін техникалық-экономикалық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, аталған аумақ Мәдениет басқармасының қарамағына берілді», - деді ол.
Байбекке тағылатын тағы бір айып – «Көк-Жайлау» жерін жекешелендіргені туралы.
«Бұл – қисынсыз өтірік. Біріншіден, бұл аймақтағы ағаштарды кесу жұмыстарын 17 есеге, 22 мың ағаштан 1 280 ағашқа қысқарттық. Жобаның құнын төрт есе азайтып, құрылыс аумағын кішірейттік. Нәтижесінде қысқартылған 102 гектар жерді Іле-Алатау ұлттық паркіне қайтардық. Бұдан бөлек, біз бұрын Алматы облысына қараған жерлерге тексеру жұмыстарын жүргіу барысында бес гектар жердің жеке иелікте екенін анықтап, оны мемлекет қарамағына қайтардық.
Айтпақшы, осы мәселелер туралы ақпараттар порталда жоқ. Мемлекет басшысы бұл жобаны жүзеге асырмайтынымыз туралы нақты айтқан. Бұл – қасиетті жер, бұл аумақта жекеменшік жер телімі болмау керек. Меніңше, құқық қорғау органдары осы мәселемен айналысуы керек», - деді ол.
Бауыржан Байбек Жанболат Мамайдың өзінің атына кір келтіргенін, ұятқа қалдырғанын айта келіп, БАҚ-қа сұхбат беруден басқа амалы болмағанын жеткізді.