Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының ауысуына қатысты пікір білдірді.
"Менің Жарлығыммен Шпекбаев Алик Жатқамбайұлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметінен босатылды. Оның басшылығымен агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес үшін көп жұмыс атқарды. Бұл құрылымның қызметі айтарлықтай жаңартылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар жоба мен бастама іске қосылды. Олардың ішінде ADALDYQ ALANY, ANTIKOR ORTALYGY, ADAL BILIM және басқалары бар. Алик Жатқамбайұлына осы лауазымдағы табысты жұмысы үшін алғыс айтамын.
Бүгін менің Жарлығыммен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болып Марат Мұратұлы Ахметжанов тағайындалды. Оның мемлекеттік қызметте үлкен тәжірибесі бар, Әділет министрлігі мен Бас прокуратурада басшылық қызметтерді атқарған. Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының бұрынғы орынбасары. Сондықтан мен оны осы қызметке тағайындауға шешім қабылдадым", - деді Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінде.
Тоқаев жаңа басшы Агенттік жұмысының тиімділігін одан әрі арттыра түсетініне сенім білдірді.
"Жалпы, халықаралық озық тәжірибені ескеріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды енгізуді жалғастыра берген жөн.
Қоғам, бизнес және инвесторлар сыбайлас жемқорлық қысымынан сақтайтын мықты қорған бар екенін сезінуге тиіс.
Жаңа басшы Агенттік жұмысының тиімділігін одан әрі арттыра түседі деп сенемін. Еңбектеріңіз жемісті болсын!", - деді мемлекет басшысы.