Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Парламенттің жоғарғы Палатасының заң шығарушылық қызметі туралы мәлімет берілді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Мәулен Әшімбаев Сенаттың қарауында жатқан заң жобалары жөнінде мәлімет берді. Олардың ішінде Мемлекет басшысының бастамасымен енгізілген жер қатынастарын реттейтін түзетулер ерекше орын алады.
Спикер Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы осы айдың аяғына дейін Сенаттың отырысына енгізілетінін, содан кейін құжат Президентке қол қоюға жіберілетінін айтты.
Ал сайлау заңнамасына енгізілетін өзгерістерге келер болсақ, сенаторлар аталған заң жобасының Мәжіліс қарауынан өтуін күтуде. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Сенат бұл мәселені мамыр айының бірінші онкүндігінде қарап, тиісті заң жобасын қабылдауды жоспарлап отыр.
Мәулен Әшімбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сенатта мүмкіндігі шектеулі жандар үшін инклюзивті қоғамдық орта қалыптастыру мәселесі бойынша жұмыс тобы құрылғаны туралы айтты. Бұл жұмыс тобы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылды. Спикердің айтуынша, заңнамаға енгізілетін тиісті өзгерістер мен толықтырулар биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп әзірленеді.
Фото: Ақорда