КСРО Халық әртісі, опера әншісі, педагог Бибігүл Төлегенова ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың отставкасын талап етпегені туралы мәлімдеме жасады.
Бибігүл Төлегенованың айтуынша, кейбір мәдениет саласының өкілдері үлкен кісіні лас ойынға араластырып, сөз қуатын өз мүдделеріне пайдалануға тырысқан.
«Бұл жай ғана сөз. Біз отставканы талап етпейміз! Бұл бізге қажет емес! Маған мұның не керегі бар? Мені неге бұл іске араластырды? Біз тек қана Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры не үшін қызметінен алынғанын білгіміз келді. Міне, біздің сұрағымыз осы еді. Ал мына Тұрсынов барлығын былықтырып, басынан аяғына төңкеріп қойыпты. Енді мені жұрт дау қуалаған кісі деп ойлап отыр. Маған мұның не қажеті бар? Ол өте жақсы, мәдениетті, білімді, дұрыс бағытта жұмыс істейтін адам екенін білемін. Мына режиссер бәрін былықтырып жүр, бұрыннан әдеті осындай ғой. Мен де осы былықтың арасына қосылып кетемін деп ойламаппын», - деді ол.
Айта кетейік, біршама уақыт бұрын ҚР Кинематографистер одағының басқарма төрағасы Ермек Тұрсынов бірқатар мәдениет саласы өкілдерінің мемлекет басшысына үндеу жариялағанын хабарлаған. Үндеуге қол қойғандар қатарында келесі азаматтардың аты аталған: Бибігүл Төлегенова, Ренат Салаватов, Гафиз Есімов, Нағима Есқалиева, Лаки Кесоглу, Нұржамал Үсенбаева, Люция Тулешова және басқалар.