Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина Түркияда шығарылады. Бұл туралы брифинг барысында премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді.
«25-27 сәуірде Қазақстан QazVac вакцинасының алғашқы 50 мың дозасын алады. Қазақстандық алғашқы вакцина Ақтөбе облысы, Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтанға жеткізіледі. Мамырда тағы 50 мың доза шығару жоспарланып отыр. Кейін 100 мың дозадан өндіруге көшеміз. Институт базасында (Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты. - ескерт.) вакцина өндіруге арналған субстанция дайындалады. Маусымнан бастап үлкен өндіріске шығу арқылы 500 мың доза шығара аламыз.
Түркиямен келісіміміз бар. Оларда вакцина жоқ, бірақ үлкен өндіріс орындары бар. Сондықтан бұл мәселе бойынша алдын ала келісімге қол қойдық. Сонымен қатар, біз халықаралық стандарттарға сәйкес келу үшін жабдықтың өзін монтаждауға келістік. Түркияда тек құйылады, ал өндіріс – біздікі», - деді Ералы Тоғжанов ОКҚ брифингінде.