Бүгін, яғни 31 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 17:00-де онлайн форматта Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтеді.
«Бейресми саммитті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, жүргізеді. Жиынға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысады», - деп мәлімдеді ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Жиын барысында бауырлас мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалар бойынша ынтымақтастық және оны одан әрі дамыту мәселелері талқыланады. Саммит қорытындысы бойынша түркі елдерінің мәдени құндылықтарына және Кеңестің мәртебесіне қатысты декларация қабылданады деп жоспарланып отыр.
Дереккөз:24kz