Белгілі қоғам белсендісі, кәсіпкер, бизнес-тренер Марғұлан Сейсембай әлеуметтік желідегі парақшасында "Бағытымды өзгертуім туралы" деген тақырыппен жазба қалдырып, саяси көзқарасы туралы нақты пікірін жеткізді. Оқырмандарымызға жазбаның толық нұсқасын ұсынып отырмыз.
"Достар, менің соңғы бірнеше жылда қоғамдық қызметпен белсенді айналысқанымды білесіздер. Нақты айтсам, қоғамдық-саяси қызметпен. Басында менің барлық активтерімді тартып алғандықтан, көпшілікке танымалдылықтың арқасында өзіме белгілі бір қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін айналыстым. Бірақ кейінірек, мен саяси реформаларсыз шынайы қауіпсіздіктің мүмкін болмайтындығын түсіндім. Мен өз сыныммен Қазақстан билігіне саяси реформалар әзірлеуі үшін барынша ықпал етуге тырыстым. Десе де, мен қашан да төңкерістерге қарсы болдым, әрқашан ел дамуының эволюциялық жолын жақтадым. Соған байланысты менде жыл сайын билікпен проблемалар болып тұрды. Алысқа бармай-ақ қояйық, былтырғы менің үйімнің қоршауға алынғаны барлығыңыздың естеріңізде болар.
Өткен жылдың жазынан бастап мен біздің билікті сынауды тоқтатып, белсенділігімді Украинаға ауыстырдым. Өздеріңіз білетіндей, мен Михаил Саакашвилидің Қарапайым шешімдер мен нәтижелер кеңсесінде серіктес болдым және Украина билігіне реформаларды жүзеге асыруға белсенді қатысып, көмектесе бастадым. Осы қызмет барысында мен мемлекеттік аппараттың жұмысына, мемлекеттік билік жүйесіне ішкі жақтан қарап көрдім. Украина мен Қырғызстандағы демократия мен шешім қабылдау мәселесін қарастырдым. Мен олардағы ұйымдастыру туралы теріс пікір айтпаймын. Олардың көптеген жақсы жақтары да бар, бірақ бізде қайталанғанын қаламайтын тұстары да көп. Әр халық пен әр ел өздеріне сәйкес келетін нәрсені таңдайды, мен олардың таңдауы мен өміріне үлкен құрметпен қараймын. Сонымен қатар, Украинада да, Қырғызстанда да мені қаншалықты жақсы және жылы қарсы алғанын және қабылдағанын ескере отырып, мен оларға сол үшін де шындап ризамын.
Мен осы уақыт ішінде адамдардың өмірін жақсарту үшін не істеу керектігі туралы ойландым, «Мен оған қалай әсер ете аламын, не істей аламын» деп, көптеген талдаулар жүргіздім. Мен өзім үшін бір нәрсені тікелей өзгерте алмайтын болсам, онда билікті сынға алып, ашу мен өзара жеккөрушілік деңгейін тағы да арттырудың қажеті жоқ екенін түсіндім. Осылайша мен мұнымен айналысуды іс жүзінде тоқтаттым.
Бірақ оқиға мұнымен аяқталған жоқ. Бақытыма орай, менде әртүрлі елдерді көру мүмкіндігі болып, биліктің құрылымы толығымен халықтың таңдауы болып табылатындығын айтқым келеді.
Ислам ғалымдарының сөздерінде: «Егер халық өз билеушісінің әділетсіздігінен құтылғысы келсе, онда мұндай халық әділетсіздік пен күнәдан өздері бас тартуы керек» делінген. Сондықтан мен өзімізден және айналамызды өзгертуден бастау керек деген ойға келдім. Бұл тек дін, мәдениет және білім арқылы мүмкін болады.
Соңғы уақытта мен білім беру платформама көп көңіл бөліп, күшім мен қуатымды сол бағытта сарп етудемін. Мен ай сайын дерлік бизнес пен тиімді өмірдің әртүрлі тақырыптары бойынша 8-12 видео-сабақтарын жариялап отырмын. Кітәбімды да қатар жазудамын. Сондай-ақ, мен ай сайын жазылмандарыма бірнеше трансляциялар мен зум вебинарларын өткіземін. Жақын арада онлайн бизнес мектепті, бизнес клуб, инвест. клуб және басқа да көптеген жобаларды іске асырамын. Сонымен қатар, мен 8 әлеуметтік желідегі аккаунттарыммен жұмыс істеп жатырмын. Бизнес пен қоғамдық істерім тағы бар. Осының бәрі менің көп уақытымды алып өз бағытымды өзгертуге әкеліп отыр.
Саяси құрылымға деген менің өзгерген көзқарастарымды ескере отырып, исламның, қандай болмасын, билеушісіне қарсы шығуға тыйым салатын талаптарын ескере отырып, мен қоғамдық-саяси белсенділігімді тоқтатып, мәдени, білім беру және экологиялық мәселелерге көшуге бел байладым. Мен саяси қайраткер де, мемлекеттік қызметші де болғым келмейтінін өзім үшін түсіндім. Мен ешқандай сайлауға немесе қандай да бір лауазымға араласқым келмеген және араласпаймын да. Мен партиялар құруға немесе басқа партияларға кіруге ниет білдірмеймін. Мен өзім үшін саясат тақырыбын мүлде жаптым. Өтті, кетті. Маған шектеулі және тәуелді саясат қызық емес. Бұндай нәрсе маған жат.
Сәуір айынан бастап Михаил Саакашвилидің серіктесі ретінде Қарапайым шешімдер мен нәтижелер кеңсесіндегі өз өкілеттіктерімді тоқтатамын. Мен бұл мәселені Михаилмен талқыладым. Ол менің шешіміме түсіністікпен қарап, маған табыс тіледі.
Бизнесте, мен біртіндеп, бірнеше жыл бойы цифрлық, онлайн бизнес бағыттарына баса назар аударып сол бағытқа көшемін.
Қоғамдық істерде мен тек әлеуметтік-мәдени, білім беру, экологиялық жобалармен айналысамын.
Осы кезге дейін маған көмектескендердің барлығына, менің істеріме түсүнушілікпен қарағандарға және де өзімнің барлық қазақстандық және халықаралық жазылмандарыма үлкен алғыс айтқым келеді. Сіздерге мың алғыс! Рахмет!
Туыстарым мен жақындарым, достарым мен әріптестеріме алғысымды айтқым келеді!
Менің кемшіліктерімді көзіме көрсете отырып, менің жетіле түсуіме көмектескен барлық хейтерлеріме алғыс айтқым келеді!
Қазақстан билігіне сабыр сақтап мені абақтыға айдап салмағаны үшін алғыс айтқым келеді.
Украина билігіне, Киев пен Бішкектегі Қарапайым шешімдер кеңсесіндегі әріптестеріме, сондай-ақ Михаил Саакашвилиге мен үшін жасаған барлық жақсылықтары үшін алғысымды білдіргім келеді!
Алланың маған бергені үшін және ол әрқашан көзімді ашып, жолымды көрсететіні үшін алғысымды білдіргім келеді!
Әумин!"