Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту туралы жарлыққа қол қойды. Құжат
Ақорданың сайтында жарияланды.
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Түркістан облысының құрамында әкімшілік орталығы Шорнақ ауылында орналасатын Сауран ауданы әкімшілік-аумақтық бірлігі Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтерін бөлу жолымен құрылсын», - делінген президент жарлығының мәтінінде.
Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке осы жарлықты іске асыру үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
Бұған дейін Кентау қаласы мен оның ауылдық округінің тұрғындары жаңа аудан құру бастамасын қолдағаны туралы хабарланған болатын.