Таяуда Катонқарағайдағы орман тұқымы өсетін паркке Шаймардан Оразаевтың есімін берген екен. Қаулы қапысыз дұрыс шыққан. Біз оны Шәкеннің ұлы Құрметтен естігенбіз. Содан берігі күндері Катонқарағай туралы, оның орманы, орманшысы туралы сол өлкенің перзенті, соны сүйіп өскен азаматтар туралы ой кешіп жүрдік. Ой орманы дейтін сөз бар ғой. Санамызға сондай бір орман ойлар шөкті, көз алдымызға керім өлкенің кербұғылары келді.
Катонқарағай, аты айтып тұрғандай, орман мекені ғой. Сол қарағайдың да түр-түрімен, орманның да, бұтаның да, жасыл өсімдіктің де түр-түрімен ерекше көз тартатын жасыл жамылығы таулы өлке. Топ-топ қайысқан қайыңы мен майысқан тал-шыбығын былай қойшы. Оның еш жерде - бөтен топырақта өсе бермейтін Балқарағайын айтсаң ше? Бұтағына биік біткен алтын шашақтары осынау милиондап сапқа тұрған орманнан бөлекше сыйпаттап, генерал ыйығындағы пагондарындай жарқыратып көз тартады. Ал, қауызын дән керген тұқымдығы тырсылдап торсыйып тұрған тоқтық сыйпаты сән көрініс. Қолыңа алып, сәл бұрасаң тұқымы сау ете қалады.
Шаймардан сол өлкенің бел баласы болған, сол мекенді, сол орманды сүйген, сонда туып, сонда ғұмыр кешкен, бүкіл өмірінің күшін, ісін сол өлкеге берген, сол таудың, сол қойнаудың орманына берген жігіт ғой.
“ЕЛІҢДЕ КІМ БАР?” ДЕГЕНДЕ
Қатонқарағайдың жұрты өздерін “Қатон елі” дейді, кейде “Қаратай елі” деп те айтады. Мұндағы “Елі” деген сөз ерекше бір “сүйікті өлке, сүйікті қауым” деген мағынада. Біздің қазақта “қай елсің?” деген сұрау бар. Ол “Қай өлкеденсін, қазақтың қай ұлысынансын, қай табынансын?” дегенді білдіреді. Шаймардан сол Катон елінің азаматы, Қаратай жұртының жігіті.
Қазақта тағы бір сөз бар, “Еліңде кім бар?” деген. Ол салмақты сұрақ. Өзің ғана емес, ұрпағың да осы сұраққа жауап бере алғаны керек.
Әкімшілік- биліктің әр өлкеге тағайындаулары, қызметтік міндет-мансаптар беріп жатады ғой. Онда тағы бір өлкенің іскер азаматтары, пысыққай жігіттері басқа ауданға барып басшы болып жатады. Бірақ оны “Елдің азаматы” деп ешқашан атамайды. Әкімді атау “елінде кім бар?” деген сөзге жауап болмайды. Ал мынау Шаймардандар сол өзі тірі кезінде, көзі тірі кезінде, күш қуаты бар кезінде “Еліңде кім бар” дегізбеген азамат. Елінде кім бар десе, “Сүлейменнің Шаймарданы бар!” дегізген жігіт. Үйіңе келген қонақты да осы үй туралы, осы әулет жайлы біліп аттансын, сүйініп аттансын, осы өлкені, осы жерді құрметтеп аттансын деп қарсы аласың. Ол ел азаматының тілегі. Елінің алдындағы рухани міндеттілігі. Шаймардан да сондай болған кісі екен. Өзінің замандастары, достары солай еске алады. Оның көзі тірі кезіндегі қаламгерлермен сұхбаттары, әңгімелері бізге соны меңзейді. Ол Елдің азаматы болған.
ПРЕЗИДЕНТТІ ҚАРСЫ АЛУ
Қазақстан тәуелсіздікті енді алған кезде сонау шығыс түкпірде, таудың қойнауында жатқан Катонқарағай былай тұрсын, бүкіл халықты үйіріп ортасына жиып тұрған Алматы, Семей, Қарағанды, Атырау, Шымкент сияқты қалалардың өзі кіріптар күйге түскен. Сондай қиын кезеңдерде ауданды басқарған Жанымхан, Шаймардан қатарлы Катонның жігіттері Катонқарағайды аудан ретінде, аумақ ретінде, ел-жұрт ретінде еңсесін түсірмей бар қыйындықтан алып өтті. Жай ғана алып өткен жоқ, жарқыратып, жайнатып алып өтті. Бір ғана мысал айтайық: енді ғана тәуелсіздік алған Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы сонау 1993-жылы Катонқарағайға барады. Бұрын ол өлкеге жолы түсе қоймаған сияқты. Өскеменнен тікұшақпен келіп Катонқарағайдың аудан орталығына қонады. Қонақүй ретінде - Президен түсетін үй ретінде Шаймарданның үйі таңдалып еді. Жол соңы - Рахман бұлағы болатын. Одан ары қарай 100 шақырымға жуық таулы жол. Сол күндері күн бұлттайды да, тікұшаққа ауа-райы қолайсыз болады. Ал сонда ауданда жаңадан ғана бұғы мүйізііне бартерге келген екі Hyundai машинасы болатын. Сол екі көлікке Елбасын отбасыменен отырғызып алып, Шаймардан, Жанымхан бастаған азаматтар Рахман бұлағына тартады ғой.
Жол бойы Шыңғыстай, Өрел, Аршаты, Берел ауылдары. Ал одан ары қиямет қыя тау жолы - екі-үш мың метр биіктіктегі Алтай асуы алда тұрады. Батыл жігіттер, батыр жігіттер мемлекеттің тұңғыш перезидентін - Елбасын шағын ғана седан машинаға салып алып, сол таулы-тасты жолдардан қыялап өтіп, Асқар Алтайдың кезеңін асып, Рахман бұлағына жеткізеді. Әрине, Елбасына лайық ерекше күтіммен қарсы алады. Шын мәнінде осы кезде Шаймардан басқаратын үлкен ұжымшарда ОН МЫҢ МАРАЛ, ҮШ ЖАРЫМ МЫҢ ТЕҢБІЛ БҰҒЫ бар еді.
Қараңыз, осыншама марал мен бұғы бір аудандағы бір ұжымшарда болған ғой. Он мың жылқылы бай болып еді, көп болып еді, бірақ он бес мыңдай маралды-бұғылы бай болды ма екен сол тұста, дүниенің қай түкпірінде бар ондай көп бұғы - марал? Шаймардан бастаған азаматтар сол тәуелсіздік қарсаңында аудандағы шаруашылықты бұғы өсіруге бейімдеп, ұйымдастырып, оның мүйізін, оның бітіміндегі дәрілік дүниелерді сонау Кореяға, тағы басқа шығысытың дамыған елдеріне тікелей сатып аудан тірлігіне өң беріп жатқан кез болған. Мұндай бай шаруашылықты басқарып отырған кісі Алматыдан келген үкімет адамдарын қалай күтіп алатыны түсінікті ғой.
Елбасы айрықша разы болып аттанады. Екі күнге жоспарланған Рахман бұлағындағы демалыс аптаға созыған. Үлкен қойма толы араның балы. Ақ дастарқанға шелек-шелек балдың ақ көбігін қояды. Балға да кілегей түсетін көрінеді ғой. Ағаш аяққа Балқымыз құяды. Айтпақшы, Қатонқарағайда “балқымыз” деген ұғым бар. Осы күннің өзінде де әр кісі түсетін әр үйде 10-20 дан, 40-50-ден бие байланады. Аман-сәлеммен отырар-отырмаста астаумен қымыз келеді. Катонның керемет түрлі дәрілік шөптеріне жайылған жылқы жарықтықтың сүті - қымызы шынымен де дәру ғой. Ал сол СҮТКЕ БАЛ САПЫРЫП ІШЕТІН ХАЛЫҚ ОСЫ ҚАТОНДА ғана болу керек. Сары қымыздың жанына қымыздан сәл ғана қоюлау ақшыл-сары бал қойып, “қымызға бал сапырып ішіңіз” дейді.
Әрине, біздің Елбасымыз сонан бері Катонқарағайға бауыр басып кеткені, жыл құратпай барып, демалып тұратыны жұртқа аян. Осының бәрі алғашқы күтіп алған ЕЛДІҢ АЗАМАТТАРЫ - Шаймардан және Жанымхандардың тірлігі еді.
ОРАЛХАНДЫ МІНГЕСТІРУ
Қатоннан шыққан күллі қазаққа таныс әйгілі қаламгерлер бар. Кейде суреткерді де суреттей әсем табиғат туатын болу керек. Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімхан бұлардың бәрі де Катонның суретін қағазға қаламмен көшірген суреткерлер. Қалихан Ысқақтың «Менің інілерім» деген бір әнгімесінде Шаймарданың тұлғасына сүйінген жазушы былай жазады: “Өз салмағы жарты тонна, тонна тартатын қарагер аттан қарғып түскенде қара жер солқ ете қалып еді” дейді екен. Шәкеңнің суретін ғана көрген кісі едік, енді оның бейнесі, салмағы, бітімді денесі көзімізге елестейді. Әрине, Қалекең суреткердің көзімен қарайды ғой. Сонда да болмасын, азаматтың алып тұлғасы көз алдыңа келеді. Сондай бітімді Шәкең шын мәнімен, жүрегімен де, жан-дүниесімен де кең болған ғой. Сонау жер-көктің бәрін отаршылар билеп тұрған заманда қазақтың ең шығыс түкпіріндегі Катон шекаралық аймақ саналатын. Бірде Алматыдан оралған Мемсыйлық иегері Оралхан Бөкейді “шекаралық аймаққа жіберетін рұқсат қағазың жоқ” деп Қатон тұсындағы шекара-күзет бекетінде автобустан түсіріп алып қалады. Егер оралханның шетен болмысынан хабарыңыз болса, жазушының қалай шамырқанғанын ойлай беріңіз.
Бұл әңгімені бұдан 20 жыл бұрынғы сұхбатында айтыпты. “Егемен Қазақстаннан” көрдік. Жазушы замандасы Қайырды НАЗЫРБАЕВҚА Шаймарданның өзі былай деп айтып берген: “Бұрын Кеңес заманында бұл ауданды ғұмыры қазақ басқарған емес. Сол тұста рухани мәселелерге жеткілікті көңіл бөлінбейтін. Ол тұста сыртта жүрген шығармашыл адамдарды бауырына тарту деген атымен жоқ-ты. Өзім куә, РСФСР Мем сыйлығының лауреаты Маскеулік жазушы Николай Горвачевті Нарын жерінде құдайдай күтіп ұлан-асыр той тойлап жатқанда Қазақ ССР Мем сыйлығының лауреаты Оралхан БӨКЕЙДІ “погран зонаға пропускің жоқ” деп, туған жерінде автобустан түсіріп тастаған. Сөйткен Оралханды Шыңғыстайдағы әке-шешесінің үйіне радио комитеттің мотоциклімен түнделетіп мен жеткізіп тастағаным есімде”. Шәкеңнің өз сөзі ғой. Оралханды мінгестіріп алып, артаман жердегі Шыңғыстайға - жазушының туған үйіне түнделетіп апарғанда Қорлыққа қаны қарайған Оралхан да, жазушы ағасының жанынан табылған намысқой Шаймардан да орманды Қатонның бояуы қою түнінде не айтып бара жатқанын тұспалдап ойлаңыз. Шаймарданның сонау жас кезінің өзінде-ақ елдегі ат ұстар азамат болғанын осындайдан көресін.
ОРМАНШЫДАН ОТАНШЫЛҒА
Айтпақшы, тұқым паркының атын Шаймарданға берілуі тегін емес. Шаймардан осы орман есімімен аталатын өлкенің орман мектебін оқып тауысқан алғашқы кәсіби маманы. Лениногор орманшылық мектебін тамамдаған.
Еске осындайда түседі ғой: Бүкіл Алтай елінің ұлтсүйгіш ұлы, Қаратай-Қатон жұртының рухани көсемі Алашшы Әбдікерім болыс та, сонау патша заманында - ақ орман оқуына барыпты ғой. “Қайда?” дейсіз бе?! Санк-Петербордың Орманшылық Акедемиясына. Кіммен дейсіз бе? Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлымен бір топта оқиды ғой. “Әттең-ай!” Дегізетіні екінші күрсқа өткенде әкесі істі болып соттаып, оқуын үзіп, Алтайға қайтқан. Әлекең - Әлихан БӨКЕЙХАН сол оқуды тамамдап шыққан.
Оны деңіз, тағы бір орманшы Алашорданың әсери қолбасшысы, ең соңғы оғы таусылғанша, қызыл қанының ең соңғы тамшысы төгілгенше қызылдармен табандап атысып мерт болған атақты ОТЫНШЫ ӘЛЖАН да сонау патша заманында орман мектебін оқып тамамдаған ғой. Содан ойлайсын, “Орманның оқуын оқып, туған жердің әр бұтасын, әрбір тал-түгін, әрбір қайың-талын, сыңсыған орманнын, жайқалған жапырағын қолымен сипайтын, соны жетілдірем деп, соны аман сақтаймын деп, соны жайқалтам деп, соған жапырақ жайғызам” деп ғұмыр кешкен кісі туған жерді шексіз сүйеді екен ғой.
Ойдан ой туады, Жұмекен Нәжменденовтың бір өлеңі болушы еді,
«бұлақ мезгіл сырғыса,
мен тамырға тараймын,
сынып түссе бір бұта,
қабырғама қараймын», - дейтін. Тұған жерінің бір бұтасы сынса қабырғасы сынғандай көретін бірінші адам орманшы болуы мүмкін ғой. Жұмекен ақын болған соң ол туған жерін сүйгенін өлеңмен айтады. Ал орманшы оны тура мағынада қарағайын құшақтап, тал-қайыңын сылап-сыйпап, сүйетін кісі. Айпақшы, жаңағы Жұмекеннің өлеңі.
«О, туған жер, шүкірсің,
топырағыңа киелі
бір есуас түкірсе,
ол бетіме тиеді», - деп аяқтайтыны бар. Ал мынау Шаймардандар ше, сол туған жерімізге біреу ренжіп кетпесінші, кейіп кетпесінші дейтін, разы болып, сүйіп аттансыншы дейтін кісі ғой. Шаймардан барда Қатон Еліне жолы түскен ел азаматтары әр қашан жылы көңіл, сағынышты естелікпен қайтып жүргені анық.
ҚАРАЙЫП ҚАТОНДА ҚАЛУ
Абдікерім болыс - Қатон Елінің - Қаратай жұртының кісілік стандарт биігі, рухани маягы болған жан. Қызыл терор кезінде басына қауіп төнген жұрттың біразын Арғыбет асырып кетіп, біраз жылдан соң Қатонын қимай ажал құшарға қайта оралған кісі. Ия, ажал таратып тұрған туғанжерді қимай қайтып келген ғой.
Ол - туған жерге деген сүйіспеншілік, туған жерге деген патриотизм ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Ол қанда болатын дүние. Заманы басқа болғанымен Шәкең де сол туған жерді қыйып кете алмаған жанның бірі болды. Жас басынан жұмысқа араласып, 16-17 жасынан, буыны қатпаған кездің өзінен атқа мініп, ауыл тірлігіне кіріскен кісі. Сол ауылдың сай-саласын, өсімдік түрлерін, өзен-бұлағын, әрбір қайнар тумасын санап, қарап өскен кісі, сол өлкені сүймей қайтсін. Бүкіл саналы ғұмырын деп айтамыз ғой, сондай еңбегі сіңген өлкенің де басынан бағы тайқыған күндер болды. Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында, күн ашық, жер жазықта құлазыды. Сөйтіп, бағанағы он мың марал, теңбіл бұғы қаншама онмыңдаған жылқы, басқа да түліктер жекешелендірудің билеуінде кеттті. Қаншама қайрат жұмсаған тірлік қақырап, талан-таржға түсті. Аудан әкімі ретінде сол қарсаңда алған жауап, айтылған уәде бір қыйырға тасталды. Қатон Нарыңға қосылып, аудан ауылға айналды. Туған жерін қыймаған Әбдікерім болыс секілді тағы да Катонның жұртында, Қатоннның қара қосында осы Шаймардан қалды.
Қатонқарағайды Үлкен Нарынмен қосып, аудан орталығын Үлкен Нарынға көшіргенде Қатонқарағай елді мекені ауылдық деңгейге дейін төмендеді, ер жасы елуге таяған Шаймарданның да мансабы бірге төмендеді. Ол аудан әкімінің орынбасары болды. Сөйте тура басқа ауылдармен қақысы жоқ, мен осы Қатонда отыратын орынбасар болайын деп, Қатондағы кеңседе қалды. Ол тұста ұлы ұяға, қызы қияға қонып, Шәкеңнен тәрбие алған іскер текті азаматтар республикалық ірі құрылымдарға басшы қызметке жеткен. Шәкең балаларының артынан еріп үлкен қалаға, рахатты өмірге қарай талпынған жоқ. Қыста қар басып қалатын, жазда да бәсінен айырылып жүдеген халықтың көз алдында елінің еңсесін сүйеп, ес болып, ескі көз болып, Шәкең ғана қалды. Сол тұста іздеп барған тілшілерге айтатын көрінеді: “Бұл ауылдан мен кетсем кім қалады, Қатонның сұлу көркін, атақ-даңқын Оралхандар жазған сұлу суретін, табиғатын іздеп келген жұрттың алдынан кім шығады. Ел мен жерді, сай-саланы, өзен-бұтаны аралатып, оның тарихын сыйпаттап кім айтып береді. Осы жерді мекен етіп, осы тау-тасты қорғаған Қаратай жұртының тағы да басқа қазақ ұлыстарының бастан кешкенін кім еске салады. Кім дастархан жайып, сүтіне көңілін қоса қатып, бір шәугім шайын береді? Сондықтан мен бұл жерден кетпей-ақ қояйын. Құдайға шүкір, балаларым мен армандап көрмеген биіктерді жағалап жүр. Келер ұрпақ - олардың өз өмірлері өздеріне. Ал менің өмірім Катонмен бірге.” дейтін көрінеді. Айтпақшы, бағанағы он мыңдап марал қамап, неше мыңдап теңбіл бұғыны тау-тасқа шығарған тұста аудан әкімінің орынбасары болған шаруа қожалығының басшысы деңгейіндегі Шәкең жиырма шақты елді мекенге автобус жүргізіп, Катонның сай-саласында сарқыраған өзеннің қаншамасына көпір салуға басшылық еткен көрінеді. Ол да Катонқарағайдың түкпір-түкпіріне қан жүгірткен тамыр сияқты. Ол дегеніңіз еңбек адамының дастаны-рамандары - қыймас қолтаңбасы, шығармашылығы деңіз.
Шәкең Алматыға келген тұста мынау Көктөбенің бауырындағы Баламер Сахариев атындағы көшеге арнайы соғып, сайды өрлеп-құлдап аралап жүретін көрінеді. Сөйтсе, әйгілі лингвист - флолог профессор Баламер де сол Катонның тумасы екен ғой.
Кейде туған жер деген ұғым одан туған ұрпақпен әйгілі. Туған еліне шын мәнінде еңбек етіп, туған жеріне тура мағынасында орман өсірген, әрбір ағаштың, бұтаның, әрбір гүлдің бүрін, әрбір шөптің қауызын, әрбір орманның қаламшасын қадаған кісіге; орманды өлкенің ойлы жасыл желегін жамаған орманшы азаматына ОРМАН ТҰҚЫМЫ ПАРКІНІҢ атауы беріліп жатса “Оны неге берді екен?” деп бір кісі айтпас еді.
Шәкеңнің отан сүйгіштігі, туған жеріне шексіз арналған махаббаты Қатон еліне, Қаратай жұртына мұра болған.
АРҒЫ ҒАСЫРЛАРДАН АТАСЫН ІЗДЕУ
Әлихан мен Әбдікерім курстас болғанын айттық қой. Кейін Гос думаға сайланғанда да аз уақытқа Маскеуге бірге барды. Семейдегі Алаш үкіметін құрғанда оның құрамында да осынау достар қатар жүрді. Сол заманда Әбдікерім болысқа “Атаң - Қаратай Арқада жатыр. Қаратайдың қабірі деген зыйрат Сарарқаның ортасында тұр”, деген сөзді Әлихан айтыпты деген сөз қалған.
2001 жылы 50 ге толып жатқан Шаймардан осы сөзді достарының есіне салады. Ақылдаса келе Қатонның атқамінер елазаматтары Арқаға сапарлап, Қаратай кесенесін Қарағанды даласынан тауып, қайта жаңғыртады. Сөйтіп, одан бұрынырақта Оралхан Бөкей ойға алған шараны аяқтайды.
Бүгінде орталығында Оралханның қола мүсіні қасқайып тұрған Қатон қарағайдың кіре берісінде сайгүлігінің белін босатып, Тауға қарап қабақ шытқан Қаратай баба ескерткішін көресіз. Бұл да Шаймардандар ұйтқы болып ұймдастырып кеткен шараның бір белгісі еді. Қазір барсаңыз ескеркішке қарсы алаңқайдағы қабірстанда Дидахмет Әшімханның зыйратына, ондағы мәңгілік композациясына бір сәт мұңая көз кідіртесіз.
Айтпақшы, Катонқарағайдай өлкені аудан дәрежесінен айыру кімге қажет болғанын кім білсін. Бағанағы Жұмекен айтқандай, “сынып түссе бір бұта менің де қабырғам сынады” дегені секілді Шәкеңдердің жігерін жасытып, Рухын сындырып, еңсесін түсірген бір жайт осы болған. Алдамкөс саясат: “Екі ауданды қоссақ та атауы Қатонқарағай, орталығы да Қатонқарағай болады. Өзің басқарасың” дегеніне шарасыз иланған 46 жастағы Шәкең, соңғы бұйрықты қолға алғанда “Әй, иттер-ай!” деп кеюлі мысқылмен шарасыз езу тартқан көрінеді.
Соған қарамастан, Қатонда табандап қалып, тапжылмай қызмет еткен.
Әңгімеміздің басында айтқандай, Елбасы дайындаған шаңырақ, ашылған есік жайында. Сол есік жыйырма жыл ашық тұрды, президентке жайылған дастархан сол Қатонда жыйырма жыл жыйылмай тұрды. Басқаны айтпағанда, Қазақтың Қатонқарағайын аңсап барған қаламгер атаулының бәрі де Мәрия апайдың қолынан дәм татты, Шаймарданмен шалқып отырып сұхбат құрды.
Бір сөзімізде, “ұлтсүйгіштік, отаншылдық атадан балаға, әкеден ұлға беріледі дедік қой. Бұл күндері біз де соған куәміз. Әкесі армандаған маскеу Темирязов атындағы ауыл шаруашылық акедемиясына үлкен ұлы Құрмет түсіп, үздік тамамдайды. Бұл өзі патша заманындағы Әлихан, Әбдікерімдер оқыған Санк-Питербор акедемиясының негізіндегі Маскеуге қоныс аударған ежелгі оқу орны ғой.
Соңғы он жылдың мағдарында біз де Қатонқарағайға жиі соғатын болғанбыз. Орманы ойыңнан қалың кезеңінен керіліп кербұғы қарайтын Қатонқарағай ақынның арқасын көтереді. Қасқайып қайталанбас жыр жазып, жеңілдеп, желпініп қайтасың.
Сол елден “ақын аға” деп атыңды ұстап, ауылына бастайтын Шаймарданның ізін басқан ұрпақты көреміз. Алдыңғы буын Ахметов Қайрат, Оразаев Құрмет, Шаймерденов Ғани бастаған жілікті жігіттермен қоса ауыл азаматтары Дәурен Тоқтасындарға дейінгі үлкен топтан туған жерге деген шексіз махаббат пен еңбекқор еркін көңілді, еркекке тән ерлік жігерді көреміз.
Оралханның да, Қаратай бабаның да қола бейнесін қойып, ауылға келген жұрт ат байлайтын ағашүй ауылдарын салып, қараусыз қалған Қатонқарағайына қайырылып келіп қаржы төгіп жүрген Елсүйгіш, іскер жігіттер осы Қайрат Ахметов бастаған, Құрмет, Ғани қостаған буын.
Қазақтың қайсар елі Қатон қарағай жұртын, оның сүйікті сұлу мекенін, мыңдаған жылдық тариқтың есігі болған Берелді, ұлтымыздың алтын бесігі болған Алтайды біз шексіз сүйеміз. Шаймарданға арналған шара құтты болсын! Елдің де, орманның да тұқымы өссін!
Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ
Ақын, мәдениет қайраткері, ШҚО Тарбағатай ауданының құрметті азаматы.