Қазақстан Республикасы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2021 жылдың қаңтар айы бойынша мемлекеттік және республикалық бюджет шығындарының жоспарын орындау барысы туралы айтты.
Мемлекеттік бюджет 91 пайызға игерілген, республикалық 94,4 пайызға, ал жергілікті бюджет 80,6 пайызға игеріліпті.
«Республикалық бюджеттен 1 трлн 212 млрд теңге шығын жұмсалды. 72 млрд теңге игерілмей қалды, оның ішіндегі 7 млрд теңге – үнемделген қаражат. Игерілмеген қаражаттың нақты көлемі – 65 млрд теңге», - деді министр.
Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, бюджетін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыштық өнеркәсіп, ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі, ҚР Білім және ғылым, ҚР Мәдениет және спорт министрліктері толық игере алмаған.
Игерілмеген қаражаттың негізгі себептері: төлем жөніндегі құжаттарды ұзақ уақыт бойы келісу, атқарылған жұмыстарға уақытылы акт толтырылмау, келісімшарттар мен қосымша келісімдерді қазыналық органдар тіркеуіне кеш өткізу.
«Жергілікті бюджеттердің жалпы шығыны 203 млрд теңгені құрады. 49 млрд теңге игерілмеген. Биылғы жылы жалпы құны 1,9 трлн теңге болатын мақсатты трансферттер қарастырылған. 1 ақпанға дейін оларға 32 млрд теңге бөлінді, қаражаттың 79,3 пайызы игерілді, 6 млрд теңге жұмсалмай қалған, оның ішіндегі 2 млрд теңге – үнемделген қаражат», - деді Жамаубаев.
БҚО, Жамбыл облысы, Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола және Атырау облыстарында бюджетті игере алмау мәселесі бар көрінеді.