Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында 2021 жылғы басты міндеттердің бірі 15,4 триллион теңге инвестиция тарту екенін айтты.
«Ағымдағы жылы экономика өсімін 3 пайызға дейін жеткізу тапсырмасы тұр. Бұл тапсырманы жүзеге асыру үшін әрбір сала мен аймақ бойынша мақсатты жұмыстар жоспарланған. Сондай-ақ, биылғы жылғы басты міндеттердің қатарына 15,4 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту да кіреді», - деді ол.
Оның айтуынша, жалпыреспубликалық инвестиция жөніндегі көрсеткіштер нақты салалар бойынша аймақтарға бөлінген.
Мысалы, Қарағанды облысында 2021 жылы 725 млрд теңге инвестиция тартылып, 662 мың шаршы метр тұрғын үй салынып және 34 мың жұмыс орынының ашылуы жоспарланған.
«2021 жылы 17 білім беру нысанының құрылысын бастау жоспарланып отыр. 11 денсаулық сақтау нысанының құрылыс жұмыстары аяқталуы тиіс. Сапасы жоғары автожолдар үлесін 85 пайызға дейін жеткізу де жоспарда бар. Сонымен қатар, қала тұрғындары 100 пайыз, ауыл тұрғындары 90 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етіледі», - деді министр.