Елімізде Наурыз мейрамын он күн тойлау ұсынылды. Наурыз мейрамы тұжырымдамасын бекіту бойынша жоба пайда болды. Құжатқа сәйкес, Наурыз мейрамы 14-23 наурыз аралығында атап өтіледі:
"Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" мақаласында Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеп, көктем мерекесінің мазмұнын байытуды тапсырды. Наурыз мейрамының негізгі мақсаты - Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру", - делінген құжатта.
Мереке міндеттері мынадай:
1) жалпы қазақстандық рухани құндылықтарды, халықтың бірлігі мен келісімін нығайтуға бағытталған қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту;
2) ата-анаға қамқорлық жасау, жақын адамдармен және туыстармен қарым-қатынас орнату дәстүрін дәріптеу арқылы отбасы институтын нығайту;
3) азаматтық бейбітшілікті сақтау, әлеуметтік әріптестікті және қайырымдылық мәдениетін дамыту;
4) этносаралық қатынастар мәдениетін дамыту, қоғамдағы достық пен сенімді нығайту;
5) Қазақстан табиғатының бірегейлігін және табиғатқа ұқыпты қарау қажетін сезіну, экологиялық мәдениетті және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру жөніндегі қоғамдық бастамаларды дамыту.