Кәсіп иелері бұл қаражатқа «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы-2025», «Еңбек», «Жұмыспен қамту» және Ұлттық банктің несие беру бағдарламасы аясында қол жеткізе алады. Бұл туралы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе отырысында айтылды.
Үкімет басшысы Асқар Мамин Президент тапсырмалары аясында бизнесті кешенді қолдау жоспарын таныстырды. Жаңа өндірістік компаниялар үшін 2 жыл ішінде қосымша құн салығы азайтылады. Қайта инвестициялауға бағытталған табыстың бір бөлігінен корпоративтік табыс салығы алынбайды. Сауда, ауыл шаруашылығы, көлік және қызмет көрсету саласындағы талаптардың үштен бірі алынып тасталады. Еңбекақы төлеу қорына жүктеме де азайтылып, бірыңғай төлем жүйесі енгізіледі. Үкімет басшысы «Атамекен» палатасының 13 мыңнан астам кәсіпкерге жүргізген сауалнамасының қорытындысын егжей-тегжейлі зерделеп, бір апта ішінде бизнесті одан әрі қолдау жөніндегі қосымша шараларды дайындауды тапсырды.