Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің аспасөз қызметінің бұрынғы жетекшісі Диас Ахметшәріп informburo.kz порталына сұхбат беріп, коронавирус пандемиясының кризистік жағдайындағы жұмыстары жайлы тарқатып айтып берді.
Бір жылға жуық уақыт бойы әлемде коронавирус пандемиясы өршіп тұр. Пандемия басталған кездегі ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 25-шілде күні қызметінен кетті. Ал 31-қазан күні оның бюджет қаражатын оңды-солды жұмсады деп айыпталып, қамауға алынғаны хабарланған. 7-қарашадан бері экс-министр үйқамақта отыр. Біртановтың бұрынғы баспасөз-хатшысы және Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы ресми өкілі Диас Ахметшәріп пандемия қарсаңында министрлікте қандай жұмыс атқарылғаны туралы айтқан. Қазір ол «Қазавтожолдың» баспасөз-хатшысы қызметін атқарып жүр.
«Менің ҚТЖ-да айлығым жоғары болған. Бірақ Елжан Амантайұлы жұмысқа шақырған кезде барлық табысым туралы айтып берді. Бәлкім, мені елдің алдына шығу қызықтырды, мен келістім. Елжан Біртанов менің санамда интеллигент, білікті, ашық әрі тура адам болып қалды. Пандемия кезінде түнгі сағат бір шамасында телефон арқылы да сағаттап жұмысты талқылайтын едік», - деді ол.
Диас Ахметшәріп тәулігіне жиырма сағатын бірге өткізген басшысының ұсталғанын естігенде таңғалғанын жасырмады.
«Аң-таң болдым. Мен министрмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істедім ғой. Әзір алдын-ала болжам жасамаған дұрыс. Тергеу органдарының шешімін күтейік. Ол кісімен алты ай қызметтес болдық. Осы уақытта ол маған мейірімді, адал әрі тура адам болып көрінді. Сондықтан мен Біртановты қолдаймын. Бірақ тергеу органдары оның жұмысынан қандай да бір заңға қайшы әрекет тапса, кез келген азамат сияқты заң шеңберінде жауап беруі керек», - деді ол.