Фото:elbasy.kz
Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесі отырысының видеосы пайда болды. Жиынды ашқан Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы бүгінгі таңда басқа елдермен қатар Қазақстан да қауіпсіз ортаның сапалық өзгеру кезеңіне қадам басқанын атап өтті.
Бұл жиында Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының негізгі бағыттары, сондай-ақ Қарулы күштерді қайта жарақтандыру мен қорғаныс өнеркәсібін дамыту жоспарлары қаралды.
"Біз біртұтас мемлекет және ұлт ретінде бетбұрыс кезеңіне келіп жеттік. Бұл өзгеріске коронавирус пандемиясы түрткі болды. Оның әсері алдағы онжылдыққа созылуы мүмкін. Қазірдің өзінде ұлттық қауіпсіздікке қатысты қалыптасқан сын-қатерлер трансформацияға ұшырап, ассиметриялық әрі гибридтік қатерлер туындап жатыр", – деді Елбасы.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселені талқылау барысында Президенттің Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ә.Исекешев жаңа Стратегияның негізгі бағыттарын таныстырды. Онда қамтылған шараларға тәуекелдерді басқарудың заманауи әдістері басшылыққа алынып, ұлттық қауіпсіздік теңгерімді әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамумен берік байланысқан.
Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық қауіпсіздікті, киберқауіпсіздікті, ақпараттық қауіпсіздік пен адами капиталдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды.
"Нағыз қауіп – минералды-шикізат ресурстары бағасының құлдырауы емес, ұлттың интеллектуалдық әлеуетінің төмендеу қаупі. Бұл, бірінші кезекте, білім беруге қатысты. Біз осы сала бойынша дамыған елдерден әлі артта келеміз. Білім мен ілім таяу онжылдықта біздің ұлттық идеямыз болуы керек", – деп атап өтті Елбасы.