2021 жылдың 2 ақпанында Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова мен білім саласындағы өңірлік Ақпараттық технологиялар ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Арапби Меңлібаев ұсталды.
Сонымен қатар, бұл істе Алматы облыстық білім басқармасының күрделі жөндеу және мемлекеттік сатып алу бөлімінің маманы Бақыт Абдолданованың есімі аталады. Аталған үшеу пандемия кезінде мектеп оқушылары үшін қашықтан оқытуға қажетті 2522 ноутбукты мемлекеттік сатып алудан пайда көрген. Мемлекеттік сатып алулар «бір көзден алу» тәсілі арқылы жүзеге асырылған.
Жалпы сомасы 406 млн теңгеге бірнеше жеке кәсіпкермен келісім жасаған. Омарова, Меңлібаев және Абдолданова жеке-жеке тергеу абақтысына қамалып, олардан 37 650 000 теңге тәркіленді. Олар алдын ала келісіп, «Азим», «Lazer», «LapTop», «LuckCom», «Алмас», «Кыдыралинов» сияқты жеке кәсіпкерлерден пара алған.
Ұсталғандарға қатысты Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 4-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
1 ақпан күні «Азим», «Lazer», «LapTop», «LuckCom», «Алмас», «Кыдыралинов» сияқты жеке кәсіпкерліктердің өкілі Нүкенов Нұрлан Жанатұлының тарапына ҚР ҚК 367-бабының 4-тармағына сай №211900131000007 сотқа дейінгі тексеру тағайындалды.
1992 жылы 13 тамызда дүниеге келген Қазақстан Республикасының азаматы (Ақпараттық-технологиялық ғылыми-өндірістік орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкері) 2020 жылдың 30-қаңтары күні Алматы облысы Білім басқармасының бас маманы Б.Абдолдановаға Kaspi Bank арқылы 200 мың теңге, 2020 жылдың 1-ақпаны күні қолма-қол 37 450 000 теңге берген.
Аса ірі көлемдегі пара арқылы Нүкенов жалпы көлемі 406 миллион теңге болатын 2 522 дана ноутбукты «бір көзден алу тәсілімен» жеткізу үшін келісім-шартқа отырған. Бұл мемлекеттік сатып алулар «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында, Алматы облысындағы орта білім беретін мектептердің қашықтан оқыту форматындағы кризистік жағдайдың алдын алу мақсатында жасалған.
Күдікті Н.Ж.Нүкенов ҚР ҚПК 128-бабына сәйкес ұсталып, Көксу аудандық Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Аталған екі қылмыстық іс бойынша тергеуші Ж.М.Дюсембекова жұмыс істеуде.