ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Перепечина онлайн білім беру мәселелеріне қатысты бірқатар мәселелерге назар аударды. Сенатор қашықтан оқып жатқан оқушылардың әртүрлі платформаларды пайдаланатыны туралы айтып, Премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады.
Бірнеше тегін сайттан алуға болатын қызметтерді аймақтардағы білім басқармалары сатып алуға құмар. Асқар Ұзақбайұлына сауал жолдаған депутат бүгінгі күні Білім және ғылым министрлігінің жалғыз серіктесі «Күнделік» платформасы екенін айтты. «Күнделік» жүйесі жеке инвестор есебінен қаржыландырылады. «Күнделік» жүйесінің тегін бөлігін көшіріп жасап, сол қызметін ақылы түрде ұсынып жүргендер бар көрінеді. Ал ақша мемлекет бюджетінен кетіп жатыр.
«Сонымен қатар, «Күнделік» жүйесінің бір бөлігін көшіріп жасау арқылы жаңа платформа жасап, оны ақылы түрде білім басқармаларына ұсынып, бюджеттің ақшасын алып отырғандар бар. Әр сабақты әртүрлі жүйеде өтіп жүрген оқушылардың ата-аналары шағым түсіруде», - деді ол.
Сенатордың айтуынша, интернет-платформалардың әралуан болуы салдарынан мемлекеттік бюджеттің ақшасы оңды-солды жұмсалып жатыр-мыс.