Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа Үкіметке салықтық-бюджеттік саясатты заман талабына сай жетілдіруге тапсырма берді.
«Өте маңызды мәселе – салықтық әкімшіліктендіру. Соңғы айларда жеке кәсіпкерлер салық жүктемесіне қатысты көп шағым түсіруде. Болмашы қарыздар үшін есеп-шоттары бұғатталады. Есеп қабылдау жүйесі дұрыс жұмыс істемейді екен, экспорт жасауға негізсіз шектеулер қойылады екен. Бюджетті аванстық төлемдер арқылы жүзеге асыру үшін адал кәсіпкерлерге қысым көрсетіліп жатыр. Осындай әрекеттерді доғару керек», - деді ол.
Мемлекет басшысы Үкіметке «Атамекен» Үлттық кәсіпкерлер палатасымен біріге отырып салықтық әкімшіліктендіруді жеңілдетуді міндеттеді. Президенттің айтуынша, жаңа жүйе цифрлық технологияға негізделіп, кез келген кәсіпкерге қолжетімді болуы керек.
«Жеке кәсіпкерлерді онлайн кассалық аппараттар мен POS-терминалдарды қолданған жағдайда салықтық есеп беруден босату мәселесін қарастыруды тапсырамын», - деді мемлекет басшысы.
Салықтық және кедендік кірістер негізгі кіріс көзі болып есептеледі. 2020 жылы салықтық және кедендік кірістердің үлесі 47 пайызды құрады, алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 65 пайыз еді.
«Кедендік төлемдерді жинау қарқыны өте төмен. Қате декларациялау фактілері көп кездеседі. Мұндай фактілер тек Қытаймен шекараның өзінде 50 мың көлемінде, бұл көрсеткіштің пандемия мен локдаун кезінде есептелгенін де ескеру керек. Қытайдың ашық статистикасымен салыстырғанда 5 миллиард доллар қаражат сәйкессіздікке ұшырап отыр», - деді ол.
Оның айтуынша, контрабанда – төленбеген салық қана емес, сондай-ақ, отандық өндіріс пен азаматтардың денсаулығына төнген қатер.
«Мемлекеттің аса маңызды саяси жүйесі – кедендік-траифтік жүйе нәтиже көрсетпей отырғанын назарға алу керек. Үкіметке ағымдағы жылдың 1-қыркүйегіне дейін шекарадағы заңсыз саудаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді бағдарламаны дайындауды тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.