Мәжіліс төрағасы күн тәртібіне кіріспес бұрын VII шақырылымдағы I сессияның ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың депутаттық корпусқа жүктеген нақты міндеттері туралы айтты.
Нұрлан Нығматулин атап өткендей, VII шақырылым Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл, Парламенттің құрылғанына 25 жыл толатын ерекше кезеңде өз жұмысын бастап отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы сессияның ашылуында бүгінгі жеткен жетістіктерімізді сақтап, одан әрі дамыту жолындағы жаңа мақсаттар туралы айтты.
Олардың барлығын тиісті заңдармен қамтамасыз ететін біздің Парламент. Сол үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сессияның ашылуында депутаттардан сапалы заңдар талап ететінін ерекше атап өтті. Ол заңдар ең алдымен халықтың өмір сапасын, білім, денсаулық салаларын жақсартуға, әлеуметтік қамтамасыз етуге, шағын және орта бизнесті қолдауға ықпал етуге тиіс. Сондықтан, біздің басты мақсатымыз – жоспарға сәйкес, өз уақытында халыққа қажетті, пайдалы заңдар қабылдау, - деді Мәжіліс төрағасы.