Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев Ташкент шаһарының барлық аудандарының әкімдеріне таза әрі парасыз жұмыс істеу туралы ескерту жасады. Ол «Президент саясатын сатып кеткен» Жизақ облысының басшысының орынбасарын тілге тиек етіп, басқа әкімдер таза жұмыс істеуі керек екенін жеткізді.
Өзбекстан Президенті қала аудандарының әкімдерімен жиналыс өткізіп, елдің кез келген дамуға қауқарлы екенін, соны жүзеге асыру үшін не қажет екенін айтты.
«Адалдық керек. Адалдық! Егер сендер халыққа адал әрі пара алмай қызмет етсеңдер, нәтиже көрінеді. Ал егер халық қазынасына қол сұқсаңдар, бәрібір тауып аламын, әрі қарай не болатыны белгілі», - деді ашулы Президент.
Мирзиеев Жизақ облысы әкімінің құрылыс, коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік бойынша орынбасары Акрам Рахмонкуловты қайта-қайта тілге тиек етіп, басқа мемлекеттік қызметкерлерге бірнеше мәрте ескерту жасаған.
Мемлекет басшысы елдің бас прокуроры Нигматулла Юлдашевқа лауазымды тұлғалардың заңға қайшы кез келген әрекетіне заң шеңберінде жаза қолдануды бақылауға алу туралы тапсырма берді.
«Бәрінің білгені дұрыс... Мына оңбаған біздің саясатымызды сатып кетті... Қазір де арамызда осындай адамдар бар. Өткен дәуірді аңсайтын арсыздар да бар. Олар ашықтық саясатын, бостандықты мүлде түсінбейді», - деді ол.