(Бұл - кейіпкеріміз үшін тура мағнадағы тақырып)
Өткен ғасырдың 80-90- жылдары Шыңжаң қазақтарының есе алып, еңсе тіктей қалған кезі болды. 733 қазақ мектебі, оншақты газет-журнал, төрт мемлекеттік баспа, төрт теле арнасы болған.
1986 жылғы “Желтоқсан көтерілісі, 1991 жылғы Тамыз ГКЧП сы және сол жылы қыркүйектегі Орал казактар мен қазақтардың текетіресі, жыл соңында ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҢЫНЫҢ АТУЫ - осының бәрі Шыңжаң қазақтарының өміріне өзгеше құбылыс әкелген.
Біздің кейіпкеріміз Серік Көкенай ұлының азаматтық қалыптасу жолы да сол дәуірдің туындысы. Алтайдың ҚХР ға қараған алтынды қойнауында туып-өскен, қытай мектебін оқып, университет пен иниститутты - екі бірдей жоғары оқуды сол жұртпен бірге үздік тамамдаған талантты ұл еңбек жолын да табысты бастаған.
Алтай үшінші кені аталатын мемлекеттік стратегиялық маңызы бөлек мекемеде басқару - ұйымдастыру саласына кіріп, қысқа уақытта сол кеннің өндіріске жауапты басшысы деңгейіне дейін көтерілген.
Біздегі кенді алтай сыяқты Шыңжаңдағы ҮШІНШІ КЕН аталатын мем кәсіпорын ұран және қымбат металдармен қоса ауқымды көлемде алтын өндіретін. Соған қарай кен қалашығы да байлықтан басы айналған айырықша арал сыяқты еді. Секеңнің де астында ландкрузер, әмиянының сыдырмасы алтыннан болған.
Қалың қытайдың ішінде бұзау арасындағы бұқадай ірі бітімді жалпақ бет, қабағы жазық қабылан көз жігіттің мысы басым болған. Ежелгі моңголойт керей келбеті кезіккенін ықтырып тұратын ықпалды басшы болған.
Атасы - Абақ-Керейдің аты шулы Қарақасынан. Әкесі- сол елдің алғашқы оқымыстысы қатарындағы Көкенай болатын. Мем кадр отбасынан шыққан жігіттің мем қызметте тез биіктеуі де өзінің ұйымдастырғыш қабілетінен еді.
Әлгінде айтқанымыздай, Алтайда кеншілерді басқарып, ҚХР дің алтын қорын толықтырып, молықтырып жүргенде алыстағы өз ОТАНЫНА ДА АЗАТТЫҚ келді. Бұл құбылыс Серіктің өмірін жол айырыққа тіреді. Екі жолдың бірі АЛТЫН КЕНІНЕ апарады. Екіншісі енді ғана Тәуелсіздік алған АЗАТ ОТАНҒА бастайды.
Қытай тілін іші - бауырын ақтарып, қанын тамызып сөйлейтін Серіктің қазақшасы қаймақ түсе қоймайтын сұйықтау еді. Ойласа, ол да сылтау.
Серік алтынды емес, АЗАТ ОТАНДЫ таңдады.
Оның орнын көксеген кісі аз ба? Қызмет тапсыру онша қыйын болмады. “Ойбай сенсіз қалай істейміз, өндіріс жоспары не болады?” деген сияқты мезіреті сөзден бөлек, көңілі жақын қытайлар ішіп алып: “Алтын байлық емес, азаттық байлық. Еркек екенсің!” деп шын тілегін айтты.
Серік туардан 20 жыл бұрын ғана Алтайдағы ұлттық көтерілісті бастаған-бірінші болып қан төккен, бірінші болып оқ атқан, бірінші болып бас кескен осы Серіктің Қаптағай ұранды ҚАРАҚАС аталары болатын.
“Тартпасаң тумағыр” деген сол. Төбесіне алтын үйсең де үйірін қоспайды. Ол үшін ата-бабасы басын берген азаттықтан құнды, Азат Отаннан артық не болуы мүмкін. Алтын кені ме! Тәуелсіздіктің бір сәттік тынысына да татымайды ғой ол.
Серік екеуміздің жолымыз Қазақстанда қыиысты. Ол ҚХР Алтайында алтын шайқап, мен Шәуешекте шабыт қуып жүре берсек кездесер ме едік, жоқ па еді. Мен Көктуға жетіп, оны жырмен шалқытқан тұста ұл-қызын жетектеп Серік те келген. Біз ТӘУЕЛСІЗДІК ТУЫНЫҢ ТҮБІНДЕ ТАБЫСТЫҚ. Бұл қаншама ұлт сүйгіш қазақтың танысқан - табысқан нүктесі. Бұл - ТУ ТҮБІ - КҮЛЛІ ҚАЗАҚ МҰРАТЫНЫҢ ТОҒЫСАТЫН ТҰСЫ.
Айтпақшы, Серіктің үзеңгі бауын сегіз қабаттап айтып, маған таныстырған Ділдахан Дәлел ұлымен де дәл солай тәуелсіз елмізге келіп табысқанбыз.
АЛТЫН ҰСТАҒАН АЛАҚАН ҒОЙ. Серіктің алақанын айтам. Құт ұйыған қолы құр келмепті. Сонау Сыр бойындағы сексеуіл мен құмның арасына апарып 8 милион долларлық зауат салсын.
Жалағаш кентінің жанында жарқырап тұрған - кенттің жүзден астам ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырған кәсіп орын осы Серіктің сыйы. Отанды сүю, халқына еңбек ету, ұлтқа үлес қосу, тәуелсіздікті нығайту деп осыны айтады. Осындай еңбек етіп, жұртына жұмыс беруді айтады.
Секең іскерлігімен қоса қоғамдық шараларға да аса белсенді ақжарқын, алақаны ашық жігіт. Әсіресе, алыстағы ағайынды Атажұртқа телитін іс шаралардың басы-қасында жүреді.
Кейінгі он жылдың ауқымында “Жәкула болыстың 150 жылдығы”, “Ер Жәнібектің 300 жылдығы”, атасы АРҚАЛЫҚ БАТЫРҒА арналған шаралар қарсаңында ұйымдастырушылар қатарында белсене кірісті. Соның бәрі де алыстағы ағайындарды елге тарту мақсұтымен жасалған ауқымды тірліктер еді.
Ал бұрнағы жылы Еліміздің шығыс қақпасы -Зайсанда өткен “Қаптағай батырдың 300 жылдығына арналған шара Серіктің бастамасымен ұйымдастырылған мазмұны мен мәні зор әрі мақсатына жеткен игі тірлік болды. Рухани жаңғыру дегеніміз сол - тегін рухын тану, ұлт тұтастығын табу.
Алтын күреген азамат қой. Ешкімнен еш нәрсе дәметпейді. Мемлекеттік марапат, атақ-даңық деген түсіне кірмейді. Ойлайтыны жұмыс, еңбек, өндіріс. Қолы қалт етсе немерелер мен жиендердің арасында аңқылдаған ата.
Бұл мақаланы Серік үшін ғана емес, оқырманым сен үшін де жаздым. Ақша іздеп шегара асқан ағайынға айта жүрер, аздап ойлантар деп.
Зайсандағы шараға қалам ұстайтын досы қатарында қатысып едім. Қаптағай туралы шағын қойылымның ссенариімен қоса өлең жазып барғанмын. Ақынның арнауы өлең қоспаса қоңылтақ қалады. Оны да оқыңыз.
ҚАРАҚАС ҚАПТАҒАЙ
Қазақ халқының еңсесі үшін,
Қарақас жұрты шепте өскен.
Орыспен де, Ойратпен
Ажал сызығында беттескен.
Қас жауымен қан шашысқан, бітіспестей кектескен.
Оқ боран соққан, от кешкен.
Талай қыршынның
Ет жүрегін оқ тескен.
Қаптағай батыр жастанған төбе
Артында қалып айшылық,
Қарақас елі көп көшкен.
Күні бүгінге бітіспеген
Қас жауыменен егесі,
Қарақас деген ел осы!
Қарақас деген Алтай шыңындай
Қарсақ тұмақтың төбесі.
Қазақтың рухын уыстап тұрған
Алып саусақтың көбесі.
Қазақ ҚАРАҚАС Абақ-керейдің атағы аңыз бір табы,
Қылыштың жүзін,
жебенің ұшын
сүйіп туатын ұрпағы.
Қарақас үшін көлбеулеп баяу көткріледі мына күн,
Қаптағай үшін асығып атты, жалпақ Зайсаңның бұл таңы.
Сауырдың салқын самалы сипап,
қасқайып тұрған діңгек тас
ҚАПТАҒАЙ батыр сұлтаны.
Мерекеңді берекеңмен Тәңірім мәңгі сақтағай,
Ұлы жиының құтты болсын, ҚАРАҚАС!
Бақыт мекенің құтты болсын ҚАПТАҒАЙ!!!