Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент лауазымындағы басты міндетін айтты.
Бүгін Тоқаев Мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімге қатысты.
"Президент лауазымындағы менің басты міндетім – әлеуметтік әділдік және халықтың әл-ауқатын арттыру. Сондықтан мемлекеттің күнделікті іс-әрекеті азаматтарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталады. Биыл 4 миллионға жуық азаматтың зейнетақысы мен әлеуметтік төлемақыларының көлемін өсірдік.
Әлеуметтік сақтандыру төлемақысын 5 пайызға көбейттік. Аз қамтылған отбасылардың 500 мыңнан астам балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтама енгіздік. Пандемия кезінде қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдау көрсету үшін өңірімізде бұрын-соңды болмаған қадамға бардық. Азаматтарға 42500 теңге көлемінде тікелей төлемақы берілді. Мемлекеттен 4,5 миллионнан астам адам қаржылай көмек алды. Несиелердің шегерілуі 1 миллион 900 мыңға жуық қазақстандықтың дефолтқа түсуіне жол бермеді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде жиынға қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап әрі Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі екенін атап өтті.