Көше, төбелес, кісі өлімі, қала берді ұсақ бұзақылықтар, ұрлық, тонау, қоқан-лоққы көрсету... Бұл – өркениетті әлем үшін ғасырдан астам уақыт бұрын өтіп кеткен кезең. Посткеңестік елдердің дені дәл осы аралықта ұйыққа батты да қалды. Соның бір себебі – бала тәрбиесі.
Бүгінгінің баласы таң бозынан іңір қараңғысына дейін интернет иірімдерін шарлайды. Саусағын жыбырлатпай, үздіксіз ақпарат алады. Қалыптасушы санада ақпараттың шектен тыс көп болуынан ауытқулар, бірнеше мәдениеттің араласқан бағыты қалыптаса бастайды.
Ұлттық болмыс, аймақтық не нәсілдік ерекшеліктер әдірем қалып, тұтас һәм тұманды тобыр қалыптасады. Бұрын қалай еді?
Қит етсе шешімін тарихтан іздейтін қасиетіміз де осы шарасыздықтан ғой. Дегенмен, әжесі мен анасы бесік жырын айтып, атасы қамшы өргізіп, әкесі тай мінгізіп өсірген кешегі қазақ баласының келешегі айқын еді. Екі шылбыр, бір тізгін тартқан азамат болары, шопанның баласы қой бағып, жылқышы баласы құрық ұстайтыны да бесенеден белгілі еді.
Жеткіншектің жас жады ертегі-жырмен, аңыз-қиссамен қатталып, шешен сөйлеп, ойлы байлам айтатын тұлғаға айналатын. Жаһандану осы үрдісті белден басты. Көзі ашылған қазақ бүгін желіде осы мәселелерді жарыса айтысып мәз.
Болмыстың да трансформацияланып, үрдістің де түрін өзгертіп, мәдениеттің басқа бағытта дамитын уағы болады. Бірсарындылық орнаған күні ғалам құлдырау статусын автоматты түрде иеленеді.
«Қазақ ат үстінде жүргенде, мұхиттың арғы бетінде мотор гүрілі естіліп тұрған» деген арзан тәмсілден құлағымыз сарсаң болғаны рас. Негізі де жоқ емес, өйткені, әлі күнге дейін көлік индустриясынан қара үзіп, бәйге алған жайымыз жоқ. Ал әдебиетке салсақ, өнерге салсақ, ауыз әдебиеті (фольклор) мәдениеті сақталған бір қолдың саусағы жетерлік ұлт қатарындамыз. Күні бүгінге дейін бірнеше нұсқамен бізге жетіп отырған аңыз-жырлар – соның айғағы.
Сөздің «біссімілласын» бала тәрбиесі мен жад қалыптасуынан бастап, ұлттық болмысқа ойысқанымыз жүйеден тайып, қағаз бетінде қаңғалақтау емес. Әңгіме түйіні осындай жолды талап етеді.
Біз кеуде соғып, қағазымызға шимайлап отырған жыр-қиссалар тәрбиелік мәні жөнінен, оқиғаларының шытырман һәм әралуандығымен ерекшеленетіні сөзсіз. Соған қарамастан, оны парақтайтындар қарасы аз. Бүгінгінің баласы тіпті қызықпайды. Ұлттық қазықтан алшақтау дегеніңіз – осы.
Есесіне, ағылшын жазушысы Джоан Роулиңның «Гарри Поттерін» білмейтін қазақ жоқ. Егер біз төл мәдениетімізді түгелдеп, оған тоқтық танытпай Роулиңдерді парақтасақ, ахуал мүлде басқаша болар еді ғой. Жоқ, біз Алпамысты, Ер Тарғынды, Қобыландыны жерге қаратып, Доктор Ватсонды пір тұтамыз. Айнаның артындағы Алисаны кереметтей көріп, сүйсінеміз. Әрі біздің түзу қалыптаспаған жадымыз әлем әдебиетін парақтаған сайын тереңдікті сезініп, ішкі эго ләззат алады. Турасында, біз тұтас дүниені балталап, соның сынықтарын Жер жүзінен аласұра іздеп жүрміз.
«Күнім батып бара жатыр-ау» деп аһ ұрып, проблеманы көлдей-көлдей мақаламен айта бергеннен өнер іс жоқ. Біз бүгіннен, дәл қазіргі сәттен бастап «Қайтпек керектің» жауабын іздеуге көшуіміз керек. Әйтпесе... арғы жағы тым қорқынышты. Екі үкімет көрген буын бұ дүниедегі дәм-тұзын тауысып, алпауыт мемлекетте тоқсаныншы жылдан беріде өмірге келгендер қалғанда басталады нағыз мәселе.
Дәл осындай мәселелердің шоғырын тереңнен қорытып, көпшілік күтпеген тапсырма берген Кемелұлының кемелдігі көрінді. «Балалар әдебиетін жылдам дамыту керек» деп салған мемлекет басшысының сөзінен соң сең қозғалды. Сеңмен бірге біз қозғалдық...
Сексен жылдан астам ғұмыры, бес миллион дана баспа өнімінен тұратын алапат архиві бар Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы «Балаларға арналған үздік шығарма» атты байқау жариялап, көпке үлгі боларлық іс жасады, тыңға түрен салды.
Кітап палатасының жұмысы жаңа серпін алып, ерек бастамаларға қадам жасап жүргені көптің назарында. Ал дәл осы байқау туралы тарқата айтсақ, қадірлі оқырман, сіз таң қаларсыз, таңдай қағарсыз, тіпті, ризашылықтан келешекке деген үміт сәулесі оянар. Қоғамға кінә артсақ, кінәліні таппаймыз. Кітап палатасы мекеменің үнемделген қаражатынан байқаудың жүлде қорын құрып, тоғыз бірдей жеңімпазға қаржылай сыйлық берді. Ең кереметі – байқаудың тек балалар әдебиетіне, сыйлықтың бәрі балалар қаламгерлеріне арналғаны.
Балалар қаламгерлерінің «бәйге тілеп» жүргені де байқалды. Үш айда үш жүз шығарма қабылдаған мекеме қазылар алқасын да балалар әдебиетінде қалам қуаты уақытпен дәлелденген, ардың ісін былғамаған азаматтардан құрып, шынайы әрі әділ қорытынды шығарыпты.
Бәйгенің алдын бермейтін ортаң қол қаламгерлер жоқ мұнда. Республиканың түкпір-түкпірінен табылды мықтылар. Көпшілігі жаңа есімдер. Әдеби алаңға жаңа есімдердің қосылуы – әдеби процесстің жандануы. Бұл бастамаға қолдау білдіріп, бірінші орын жеңімпаздарына министрлік атынан Алғыс хат берген Ақтоты Рахметоллақызының жаңашылдығы және жанашырлығы, Тіл саясаты комитеті басшылығының қамқорлығын ерек атап өту керек.
Желтоқсанның жетінші жұлдызында өткен жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау шарасына әдебиеттің ірі тұлғалары арнайы келіп, қатысты. Сегіз жүзден астам ақын-жазушысы бар Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, қазақтың әйдік ақыны Есенғали Раушанов, белгілі жазушы Мереке Құлкенов, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразовалар болды мұнда.
Жеңімпаздарды құттықтап, олардың шын лебізін тыңдау – кез келген ұйымдастырушы үшін ләззаты ерек нәрсе. Мыңдап адам жинап, жарығы жалт-жұлт еткен іс-шаралардан мұндай әсер алмауыңыз ықтимал. Ал мұнда бәрі шынайы: байқау да, көңіл-күй де, сезім де.
Кейіндеген саланың жылжуына ұйытқы болған Кітап палатасы мекемесі – тарихы терең, мәртебесі жоғары, мақсаты айқын, қасиетті жер.
Осы мекеменің «Асыл сөз» сұхбат жобасында қонақ болған жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының сөзі бізге түйін болуға сұранып-ақ тұр.
«Кітап тұрған жер – қасиетті орда. Ал мұндағы кітаптар миллиондап саналады. Қасиетті орда – Кітап палатасының табалдырығын имене аттап, басымызды иіп келуіміз керек».