ЕуроОдақ басшысы Жозеп Боррель Еуропаны аймақтық қақтығыстарды реттеу мүмкіндігінен айырып, Ресей мен Түркия пайдасына жұмыс істеп келе жатқан «астанизациялауды» (Сириядағы жағдайды реттеген Астана келісімінің баламалары) шектеу керек деген мәлімдеме жасады.
«Таулы Қарабақ, Ливия мен Сириядағы қақтығыстарды тоқтатып, жағдайды тұрақтандыру мақсатында Ресей мен Түркияның бәсін арттырып, Еуропаны шеттететін «астанизациялау» формасы байқалады», - деді ол.
Боррельдің айтуынша, ЕуроОдақ дәл осындай жиындарға қатысуы керек.
«Сондықтан, біз қолымыздан келетін дүниелерді жүзеге асырып, біздің мүддеміз талқыға түсетін жиындарға белсене қатысуымыз керек», - деді Боррель.
Еске сала кетейік, 10-қараша күні Ресей, Әзірбайжан және Армения басшылары Қарабақтағы соғыс қимылдарын тоқтату туралы келісімге қол қойды. Ресей аймақтағы бейбітшілікке кепіл болуға келісті. ал ЕуроОдақ өз кезегінде бұл шешімді қолдайтынын мәлімдеген.
11-қараша күні Ресей мен Түркияның Қорғаныс министрлері Сергей Шойгу мен Хулуси Акар Қарабақтағы соғыс қимылдарының тоқтауын бірге бақылау туралы келісімге қол қойды.
2-желтоқсан күні Түркияның Қорғаныс министрі Хулуси Акар Қарабақтағы жағдайды қадағалау жөніндегі ресейлік-түркиялық бақылау орталығының құрылысы басталғанын мәлімдеді.