Асқар Мамин коронавирус індетіне қарсы отандық вакцинаның әзірлену барысы жөнінде айтып берді. 29 қараша күні клиникалық сынақтардың 1 және 2-кезеңдері аяқталған. Вакцинаның кері әсері анықталған жоқ және оның жоғары тиімділігі тіркелгені белгілі болды.
25 желтоқсаннан бастап клиникалық сынақтардың 3-кезеңінде аталған вакцина 3 мың еріктіге егіледі. Сынақтар толығымен 2021 жылы наурыздың соңына қарай аяқталады. Жыл соңына дейін 2 млн мөлшер көлеміндегі отандық вакцинаның алғашқы партиясы шығарылмақ.
Мемлекет басшысының Ресей Президенті Владимир Путинмен жасаған келісіміне сәйкес осы жылдың 22 желтоқсанынан бастап Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасын өндіру қолға алынады. 2021 жылдан бастап тұрғындарға ерікті түрде жаппай вакцина егу жоспарланып отыр. Алғашқы кезеңде тұрғындардың ауруды жұқтыру қаупі жоғары тобы, яғни дәрігерлер, педагогтар, күштік құрылымдардың қызметкерлері қамтылатын болды.