2020 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі науқан шеңберінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды zakon.kz ОСК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орталық сайлау комиссиясының отырысына саяси партиялардың, Бас прокуратураның, әділет, ішкі істер және қаржы министрліктерінің өкілдері, БКБ режимінде аумақтық сайлау комиссиялары, онлайн режимінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Отырыста келесі мәселелер қаралды:
1. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауында "ADAL" саяси партиясының тізімін тіркеу туралы;
2. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарының сайлауында Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясының тізімін тіркеу туралы;
3. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау процесіне қатысушылардың жекелеген санаттарының өкілеттіктерін іске асыру мәселелері туралы.
Күн тәртібіндегі бірінші және екінші мәселе бойынша Ортсайлауком мүшесі Асылбек Смағұлов баяндама жасады.
Ол 2020 жылдың 27 қарашасында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына "ADAL" саяси партиясы мен "Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауына кандидаттар ұсыну туралы құжаттарының тапсырылғаның хабарлады.
Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін кандидат Қазақстан Республикасының азаматы болуға; Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 10 жыл тұруға; 25 жастан кіші болмауға; белсенді сайлау құқығына ие болуға тиіс. "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның 89-бабына сәйкес тіркеуге бір саяси партиядан оған саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттардың белгіленген санының отыз процентінен аспайтын адамдар саны енгізілген бір ғана тізім жіберіледі. Партиялық тізімде әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс.
"ADAL" саяси партиясы" қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімінде 16 адам бар. Оның ішінде 5 адам-әйелдер және жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдар, бұл тізімге енгізілгендердің жалпы санының 31,2 пайызын құрайды.
"Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы" қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімінде 38 адам бар. Оның 14-і- әйелдер және жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдар, бұл тізімге енгізілгендердің жалпы санының 36,8 пайызын құрайды.
Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары.
ҚР СІМ ұсынысы бойынша ОСК жанында аккредиттелген шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың жеке тұлғалары шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары болып табылады.
Халықаралық байқаушы мәртебесі ол аккредиттелген кезден бастап туындайды. Халықаралық байқаушы сайлау науқаны аяқталғаннан кейін, ҚР заңнамасы немесе халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормалары бұзылған жағдайда, сондай-ақ ҚР СІМ ұсынуы бойынша тиісті шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның өтініші негізінде өз мәртебесін жоғалтады.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері.
Дауыс беру күні дауыс беруге арналған сайлау учаскесі ашылған кезден бастап және сайлау учаскесінде сайлаушылардың дауыстарын санау кезінде дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін қызметтік куәлігі мен редакцияның тапсырмасы болған кезде әрбір бұқаралық ақпарат құралынан бір-бір өкілден бір мезгілде қатысуға құқылы.
БАҚ өкілі учаскеде нақты болмаған (комиссияны ескертпей), сайлау заңнамасы бұзылған жағдайда, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралы меншік иесінің не бұқаралық ақпарат құралы меншік иесі редакциясының өтініші негізінде сайлау учаскесіндегі өз өкілеттігін тоқтатады.
Журналист аккредиттелген мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар оған отырыстар, кеңестер және өзге де іс-шаралар туралы алдын ала хабарлауға, стенограммалармен, хаттамалармен және өзге де құжаттармен қамтамасыз етуге міндетті.
БАҚ өкілі сайлау комиссиясы төрағасының тиісті сайлау комиссиясы белгілеген сайлау учаскесіндегі тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындауға міндетті (КЗ 39-бабының 2-тармағы).
Шетелдік БАҚ өкілі.
Шетелдік БАҚ өкілінің құқық қабілеттілігі ол ҚР СІМ-де аккредиттелген сәттен басталады. 2020 жылғы 2 желтоқсандағы жағдай бойынша ҚР СІМ жанында тұрақты негізде 39 шетелдік БАҚ-тың 166 өкілі аккредиттелді.
Шетелдік БАҚ өкілі сайлау науқаны аяқталғаннан кейін, сондай-ақ шетелдік БАҚ журналисін аккредиттеуді мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда өз мәртебесін жоғалтады.