Қазақстанның Тұңғыш Президенті мерейтойлық съезде сөйлеген сөзінде «Nur Otan» партиясы еліміздегі ең басты саяси күш екенін атап өтті. Партия Төрағасы еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктеріне тоқталды.
Елбасы «Nur Otan» партиясының пандемия кезіндегі жұмысына, сондай-ақ партияны қайта жаңғырту үдерісіне тоқталды.
«Біздің партия – басқару ісінде тәжірибесі мол және барлық өңірде кадрлық әлеуеті зор ең ірі саяси күш. Құрамының сапасы бойынша «Nur Otan» бүкіл Қазақстан қоғамының кескінін көрсетеді. Сондықтан біз алдағы уақытта да мемлекетіміздің және барша жұртымыздың әл-ауқатын арттыру үшін еңбек етуге ниеттіміз», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Нұрсұлтан
Назарбаев партияның әрдайым негізгі үш қағиданы басшылыққа алғанын және алдағы уақытта да соны ұстанатындығын атап өтті. Бұл – жауапкершілік, жұдырықтай жұмылу, ортақ мұрат-мақсаттарға адалдық.
Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі болуға партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің кандидатурасын ұсынды. Сөз соңында партия Төрағасы елдің тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтап, халықты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасына топтастыру және мемлекетімізді одан әрі өркендету үшін еңбек ете беретінін айтты.