18 қараша күні мемлекет басшысының төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы
Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы бейнеконференция форматында өтті.
Жиын барысында коронавирус пандемиясы кезінде Қазақстандағы экономикалық, инвестициялық белсенділікті қалпына келтіру, сондай-ақ, еліміздің мұнай-газ секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру және дамыту мәселелері егжей-тегжейлі қаралды.
Президент Қазақстандағы осынау қиын кезеңде шет қалмай, өз кәсіпорындарының қызметкерлеріне, әлеуметтік сала мен ел азаматтарына барынша көмек көрсеткен кеңеске кіретін компанияларға алғысын білдірді.
Мемлекет басшысы макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылық болмай, экономика мен халықтың әл-ауқаты артпай елдің инвестициялық тартымдылығын тиісті деңгейде ұстап тұру мүмкін емес деп санайды. Оның айтуынша, пандемия кезінде мемлекет бизнес пен халықты қолдау үшін бұрын-соңды болмаған кешенді шаралар қабылдаған. Бұл дағдарыстың жағымсыз салдарын азайтуға және экономиканың құлдырауының алдын алуға мүмкіндік берді.
Президент экология мәселесіне де назар аударып, жиынға қатысып отырған шетелдік азаматтарға жаңа Экологиялық кодекстің әзірленіп жатқаны туралы айтты. Аталған Кодекс Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің озық тәсілдері негізінде дайындалған.
Бұл технологияны енгізген кәсіпорындар эмиссия төлемінен босатылады. Мемлекет экологиялық шығындарды кәсіпорындармен бөлісетін мұндай тәжірибені кез келген ел қолдана бермейтінін атап өткім келеді. Шын мәнінде, бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің ауқымды жобасы. Біз мұндай қадамға саналы түрде барып отырмыз. Осы орайда бизнес өкілдері келісімдегі өз міндеттемелерін толыққанды орындайды деп ойлаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы пандемияның теріс әсері жағдайында цифрлық экономиканы жедел дамытуға қуатты серпін берген IT саласының мүмкіндіктерін атап өтті. Оның айтуынша, отандық IT-саласын дамыту үшін Қазақстан алдағы 5 жылда кемінде 500 млрд теңге тартуды жоспарлап отыр. Аталған сала әлемдік технологиялық компаниялардың елеулі қолдауына зәру.
Бүгінде әлемдік майнингтің шамамен 6 пайызы Қазақстанда шоғырланған. Бұдан бөлек, IT, инжинирингтік және басқа да жоғары технологиялық қызметтер нарығын дамыту экспорт үшін елеулі мүмкіндіктер ашады. Біз бұлтты есептеулер мен платформалар саласында ірі әлемдік ойыншылардың инвестицияларын тартуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Атырау қалаларында деректерді өңдейтін төрт мегаорталықтың құрылысына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл өте қуатты, ауқымды есептеуіш ірі халықаралық ақпараттық магистральда орналасатын болады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев фискалды саясат мәселелері және қажеттілігіне қарай, экономикалық мүддеге сай салық заңнамасын жетілдіруге дайын екенін мәлімдеді.
Мен шет елдік инвесторлардың өтінішін қолдадым. Келесі жылдан бастап бизнесті салықтық заң бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартудың қолданыстағы шегі қайта қаралатын болады. Яғни, салық шынайы түрде қылмыстық жазадан босатылады, – деді Қазақстан Президенті.
Мұнай-газхимияның болашағы туралы айтқан Президент, аталған саласының табысты ілгерілеуі еліміздің жалпы бағытын өзгертуі мүмкін екенін жеткізді.
Бірлескен газхимия кешенінің құрылысы 10 жылдан асса да аяқталмай отыр. Энергетика министрлігі өңдеу жобаларына инвестиция салатын компанияларға мұнай мен газды өндіріп, экспорттауға ерекше жағдай жасау мәселесін де ойланғаны жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жиын соңында бүгінгі айтылған барлық ұсыныстар мен өтініштер Үкімет тарапынан мұқият зерттеліп, оны өз бақылауына алатынын айтты.
Үкімет бүгінгі жиында айтылған барлық проблемаларды шешумен айналысатын болады. Шешім қабылдау барысында бізге серпіліс қажет деп ойлаймын. Ел Президенті ретінде шешім қабылдау процесін және біздің ірі серіктестерімізбен, достарымызбен арадағы іс-қимылдың даму барысын жіті қадағалайтын боламын, – деді Мемлекет басшысы.