Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 29 жыл толу қарсаңында еліміздің ұлттық валютасы - төл теңгемізге 27 жыл толып отыр. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың 1993 жылғы 12 қараша «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығына сәйкес 1993 жылы 15 қарашада теңге айналысқа енген болатын. Сол сәттен бастап қазіргі күнге дейін елімізде жыл сайын «Ұлттық валюта» күні және Қазақстан Республикасы қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі тойланып келе жатыр.
Елбасының төл теңгені енгізу жөнінде қабылдаған шешімі мемлекетіміздің тарихындағы маңызды қадамдардың бірі болғаны белгілі. Ұлттық валютамызды енгізу - нарықтың қатынастардың дамып, тиімді банк жүйесінің қалыптасуына елеулі әсер етті. Теңгенің қалыптасуы Қазақстан тәуелсіздігінің нығаюында елеулі орын алған оқиғалардың бірі болғаны хақ. Тек тәуелсіз ұлттық валюта ғана дербес эномикалық саясат жүргізуге мүмкіндік береді.
Теңге - Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын бірден-бір заңды төлем құралы болып саналады. Ұлттық валютамыздың өз белгісі (₸) бар. Теңгенің графикалық белгісі транскрипциясы «т» дыбысын білдіретін ежелгі түркі әліпбиінің символы болып табылады.
Теңге айналымға ресми түрде енгізілген соң Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Жамбыл филиалынан еліміздің барлық аймақтарына таратылды. Банкноттар басқа қалалар мен аймақтарға бірнеше күн бұрын жеткізіліп, валюта енгізілген күні еліміздің барлық облыстары толықтай дерлік банкноттармен қамтамасыз етілді. Осылайша валюта енгізілген кейін ескі ақшаны ұлттық валютаға айырбастау басталды. Бес күннің ішінде елімізде 951 млрд. рубль теңгеге айырбасталып, кеңестік ақша айналыстан алынды.
Бүгінде Теңге - тәуелсіздіктің экономикалық негізі, егемендіктің символы екенін айта кеткен жөн. Ұлттық валюта: төлем, жинақтау және айналым құралы ретіндегі барлық міндеттерін орындай отырып, толыққанды ұлттық ақша бірлігі болып қалыптасты.
Ең алғашқы төл теңгемізде қазақтың ұлы ойшылдары, күйші-ақындары мен хандарының бейнесі бейнеленгені есімізде. Атап айтсақ, Әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр мен Абылай хандардың суреті болған.
Кейіннен 2006 жылы теңгеміздің кескіні түбегейлі өзгерді. Ұлттық валютадан тарихи тұлғалардың бейнесі алынып тасталды. Жаңа үлгідегі банкноттар бірыңғай стильде жасалды. Онда заман талабына сай өзгерген әсем Қазақстанның қазіргі келбеті айшықталған. 3 теңгелік номинал жоғалып, 1-ден 100 теңгеге дейінгі қағаз ақша темір теңгеге айналды.
Біз ұлттық валютамыздың осындай қысқа мерзімде халықаралық нарықта мойындалғандығымен мақтанамыз!