Қазақстан Респуликасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мемлекет меншігіндегі ірі бұқаралық ақпарат құралдарын біріктіру мәселесін қозғады. Оның айтуынша, министрлік еліміздегі ақпарат саласын дамытудың стратегиялық жоспарын жасаған. Ол үш кезеңнен тұрады екен. Биыл дайындық кезеңіндегі жұмыстар атқарылып жатыр.
«БАҚ-ты біріктіру мәселесі, әрине, уақыт еншісінде. Барлық мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор бүгінде бюджетті оңтайландыру мақсатында жұмыс істеп келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарын біріктірген жағдайда да шаруашылық, әкімшілік қызметтері оңтайландырылады, ал шығармашылық бағытына, жоспарына ешқандай өзгеріс енгізілмейді», - деді министр.
Балаеваның айтуынша, оңтайландыру жоспары барлық мәселелерді сүзгіден өткізе отырып жасалған. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бірінші кезекте Egemen Qazaqstan және «Казахстанская правда» газеттерін біріктіруді жоспарлап отыр. Жаңа жылдан кейін екі газет өз алдына ЖШС болмақ.
«Бұдан кейінгі біріктіру «Қазақ газеттері» АҚ айналасында жүргізіліп, «Қазақ газеттері» бірегей холдингі құрылады. Нақты алгоритм жасақталған. Мен әріптестеріме шығармашылық ұжымда ешқандай өзгеріс болмайтынын айтқым келеді. Ал Egemen Qazaqstan және «Казахстанская правда» сияқты брендтер сақталады», - деді ол.
Жыл басында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстандағы ақпарат саласының 2020-2022 жылдардағы ұлттық даму жоспарын әзірлегені айтылған. Бұл жоспар негізінде ірі мемлекеттік ақпарат құралдарын бір холдингке біріктіру мәселесі қаралады.