Белгілі саясаткер, журналист Әміржан Қосановтың анасы – Аққыз Қосанова 82 жасында өмірден озды. Анасының ауырып жатқаны туралы саясаткердің өзі әлеуметтік желіде жазып, ештеңеге зауқы жоқ екенін жеткізген біршама уақыт бұрын.
Әлеуметтік желі қолданушылары, интернет басылымдар Әміржан Қосановқа анасының қазасына байланысты көңіл айтысып жатыр. Анасын құрметтеген ұлға деген ел ықыласы – бұл.
«Жас кезімде «Жаратқанға жалбарыну» деген өлеңімде:
«...Екінші тілек – дара шын,
Құлдықты сала сұраймын:
Аман болсын анашым -
Аққызы Нағашыбайдың», -деп жазыппын.
Бүгін менің сол тілегімді Жаратқан ием ұмытып кетті...»
Бұл – Әміржан Қосановтың әлеуметтік желідегі парақшасында жазған сөзі. Екі ауыз сөздің өне бойында кісі бойын басатын мұң, қимастық сезім, анаға деген перзенттік махаббат бар. Көзге анық көрінеді.
Bairaq.kz порталы марқұмның туған-туыстарына, бала-шағасына көңіл айтып, қайғысына ортақтасады. «Тас түскен жеріне ауыр» екені анық. Алла алдынан жарылқап, иман байлығын бергей!