Қырғызстан Республикасының астанасы – Бішкек шаһарының бұрынғы мэрі Азиз Суракматов отставкаға кете салысымен Жоошбек Коеналиев өзін халық мэрі деп жариялаған еді. Ол тіпті Ақ үй маңындағы қоршауды бұзу туралы бұйрық шығарып үлгерген. Ал бүгін Бішкек қаласын басқару міндетін атқаруға бірінші вице-мэр Алмаз Бакетаев тағайындалды деген хабар тарады.
Бұл шешімді қаладағы ахуалды жөндеу жөніндегі Координациялық кеңес қабылдапты. Шешімге Алмаз Бакетаевтың өзі келісім білдірген.
Қырғыз еліндегі жағдай өткен түнде де саябыр таппады. Халық көшеде жүр. Алты жыл елде болмаған саясаткерлер әуежайдан түсе сала үгіт-насихат жүргізуде.