ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесін талқылады.
Жиын барысында Денсаумин басшысы Алексей Цой саладағы жемқорлық фактілерін анықтау бойынша серіктес болуға дайын екенін мәлімдеді.
«Пандемия денсаулық сақтау саласының қауқарын көрсетті және біздің жоспарымызға айтарлықтай өзгеріс енгізді. Бірнеше айда жылдар бойы жиналған мәселелер алдымыздан шықты, біршама жұмыстың өз деңгейінде орындалмағанын көрдік. Сонымен қатар сала ішінде сыбайлас жемқорлық фактілері де анықталды», - деді Алексей Цой.
Министр соңғы 15 жылда Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 8 есеге артқанын айтты: 2005 жылы 191,4 млрд. теңге болса, 2020 жылы бұл салаға 1,6 трлн. теңге бөлінген. Биыл коронавирус пандемиясымен күресуге 300 млрд. теңге қосымша қаражат бөлінгенін де білеміз. Бұл қаражаттың үштен бірі Денсаумин арқылы өтіпті. 60 млрд. теңгеге жуық қаражат медқызметкерлердің күшейтілген режимде жұмыс істеуіне байланысты сыйақы беруге жұмсалыпты.
«Бұл қаражатты жымқыруға немесе оңды-солды шашуға жол бермеу керек. Әрбір теңге көрсетілген адресатына медициналық қызмет ретінде жетуі тиіс. Дәрігерлер, медицина қызметкерлері пандемия кезінде алдыңғы қатарда жұмыс істеп келеді. Оларға агенттік атынан алғыс білдіргім келеді. Бір жағынан бұл салада да жемқорлық өршіп тұр. Аймақтардағы денсаулық сақтау басқармалары сияқты мекемелер мен министрліктің өзінен осындай фактілер анықталды», деді Шпекбаев.
Алик Шпекбаев пен Алексей Цой Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ішінде сыбайлас жемқорлық жөнінде анализ жасауға келісті. Дәл осындай тексеру жұмыстары Денсаулық сақтау министрлігінің орталық аппаратында да өтпек.