Алматы шаһарында жұма күні кешқұрым билікті басып алмақ болды және қоғамдық наразылық туғызуға ұмтылды деген күдікпен қоғам белсендісі Марғұлан Боранбайды полиция қызметкерлері ұстады.
«Ол ҚР ҚК 174-бабының 1 және 2-тармағында көрсетілген «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты тудыру» және ҚР ҚК 179-бабының 2-тармағында көрсетілген «Билікті басып алуға үгіттеу және шақыру» бойынша күдікті деп танылды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп мәлімдеді Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мәлімдемеде күдіктінің қылмысын анықтау ісі бойынша қажетті барлық сараптамалар жүргізілген.
«Жақын арада қылмыстық іс бойынша процессуалдық шешім қабылданып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының қалай өтетіні белгілі болады», - деп жазылған аталмыш мәлімдемеде.
Ал белгілі адвокат Әнуар Байдар әлеуметтік желідегі парақшасында Марғұлан Боранбайға қатысты қозғалған қылмыстық іс тапсырыспен жасалуы мүмкін екенін айтты.
«ҚР ҚК 179-бабы бойынша қозғалған іс менің қорғауымдағы азаматты қамау үшін қолдан жасалып отыр. Бұл заңды дөрекі бұзу болып саналады. Мен жалған куәлік берген сарапшыны, тергеушіні қылмыстық жауапкершілікке тартуға ұмтыламын. 2019 жылы көктемде қозғалған іс тоқтап қалып, бүгін қайта басталып отыр», - деді ол.
Марғұлан Боранбай 1993 жылы адам өлтіргені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол арада 10 жыл өткенде туберкулез колониясынан шартты түрде уақытынан бұрын босап шықты.