Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздікке байланысты жазаланған жеті азамат туралы мәлімдеме жасады.
«Алматы әскери соты ұрлық жасағаны үшін және жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін әскери қызметкер У.Атанбаевты, А.Тілеуғалиевті, А.Нұрахановты, Е.Буралкиновты, Р.Бежібайды, М.Дүйсенбаевты, Б.Ибрагимовты үш жылдан тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айыруға шешім қабылдады. Тергеу барысында У.Атанбаев пен оның сыбайластарының ісі әскери сотқа берілген», - деп жазылған Бас прокуратура мәлімдемесінде.
Сондай-ақ арнайы прокурорлар 21-шілде күні 21 азаматқа қатысты тергеу-тексеру жұмыстарын аяқтаған. Оларға ақпан айында Масанчи, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарында орын алған жағдай барысында күш қолдану, жеке мүліктерді өртеу, жаппай тәртіпсіздікті өршіктіру, билік өкілдеріне құлақ аспау сияқты айыптар тағылған-ды.
«Қазір айыпталушылар қылмыстық іс материалдарымен танысу үстінде. Осы процесстен кейін іс сотқа өтеді», - деп түсіндірді Бас прокуратура.
Ағымдағы жылдың наурыз айынан тамыз айына дейін полиция қызметкерлеріне күш қолданғаны үшін ағайынды Воингуйлар сотталған, әрқайсысына 1,5 жыл бас бостандығынан айыру үкімі тағайындалған. Құдашбаев тарапына күш қолданып, денсаулығына залал келтіргені үшін әкелі-балалы Юнхулар екі жарым жыл бас бостандығынан айырылды. 54 дана «Молотово» коктейлін даярлап, тасымалданғаны үшін Р.Вейсерге сот 3 жыл бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.