Бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекованың үстінен қылмыстық іс қозғалады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты.
"Сіздің белсенді әріптестеріңіз ол кісінің үстінен (Людмила Бюрабекованың - авт. еск.) қылмыстық із қозғалуы мүмкін деп ақпарат таратыпты. Ол қаншалықты рас?", - деп журналистердің бірі министрліктің ресми өкіліне сауал жолдады.
"Бұл ақпаратты жоққа шығарғым келіп тұр. Себебі, кеше және бүгін Людмила Бюрабековамен сөйлестім. Мен ешқандай қылмыстық іс немесе басқа да бір жағымсыз істер жоқ екенін дәлелдеп беруге дайынмын", - дейді Бағдат Қожахметов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Еске салайық, 23 қыркүйекте Үкімет қаулысымен денсаулық сақтау министрінің орынбасары Людмила Бюрабекова қызметінен босатылған еді.