Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында еліміздің барлық аймақтарында демалыс күндері қатаң карантин режимі сақталатынын мәлімдеді.
«Күшейтілген шектеу шараларын енгізу нәтижесінде 5-шілдеден бері кереуеттер дефициті азайып, емханалар үйдегі науқасқа қызмет көрсетуге мүмкіндік алды. Дегенмен, тамыз айының басынан бері Еуропа мен Азияның бірқатар мемлекеттерінде инфекцияның тарала бастағаны байқалады. Мысалы, науқастар санының өсімі Италияда, Австрияда, Испанияда, Германияда және Түркияда байқалып отыр», - деді Цой.
Оның айтуынша, ТМД елдеріндегі орташа өсім деңгейі 5 пайызды құрап отыр. Бұл Қазақстандағы көрсеткіштен 5 есе артық. Үкімет отырысында Швейцария Қазақстаннан оралғандарға карантин шараларын ұстау қажеттілігін алып тастағаны айтылды.
«Айта кетейік, басқа елдерден Швейцарияға барғандар міндетті түрде оқшауланады. Мұндай елдер тізімі жаңартылып отырады. Бұл – коронавируспен күрестегі тың тәсіл. Науқастар санының динамикасын қалыпты сақтап қалу үшін демалыс күндердегі локдаун сақталады», - деді министр.
Қазақастанда бүгінге дейін 106 498 науқас тіркелген. Ал коронавирус белгілері бар пневмониямен 28 228 науқас анықталды. Соңғы тәулік бойынша 73 адамның инфекция жұқтырғаны белгілі болды.