«Мәскеу қаласындағы «Жуковский» әуежайынан Нұр-Сұлтанға дейін 3000 рубльмен жеттім. Мұнайлы мемлекетте халық үшін қолайлы лоукостердің болуы – заңдылық...»
Бұл – біздің астанамызға келген ресейлік азаматтың «FlyArystan» әуе компаниясы туралы пікірі. Әлбетте, жер асты ресурстары бар, территориясы кең мемлекет үшін қолжетімді әуе компанияларының болғаны абзал, тіпті, қажет.
Алайда, шетелдік азаматтар «біздің лоукостердің» бір саусағын ішіне бүккен саясатына қаны емес. Мұны жиі ұшатындар, бірер мәрте кешігіп, билет ауыстырғандан, жүгі шекті салмақтан бірнеше грамм артық болғандар жақсы біледі. Компания басшылығы тұтынушыларына бір жұтым суды да сұрай бермеу керек екенін ескертеді. «Дәрі ішу үшін қол сөмкеңізде 100 мл су болсын, бұған рұқсат етіледі», - дейді олар.
Бүгінде еліміздің бірқатар облыстарын республикалық маңызы бар мегаполистермен жалғап отырған әуе кемелерінің ішінде «FlyArystan»-ды танымайтын қазақ аз. Онлайн билет алуға да төселіп қалдық. Дегенмен, осы «ұшатын арыстанның» араны ашылып кететіні титықтатып жүргені рас.
«Қайнайды қаның, ашиды жаның» деп хакім Абай айтқандай, тұтынушыны қанаудың бірқатар амалдары байқалады. Онлайн билет алып, сапар жоспарлайтынымыз рас. Бірақ тұрмыстың иірімі сол сапарды бірер күн шегеруге мәжбүр етеді кейде.
Біз Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшпақ едік. Таңдауымыз лоукостерге түсті. Онлайн билет алу жүйесі қолайлы әрі түсінікті. Ақысын төледік те жайбарақат жүрдік. Аяқ асты шыққан шаруаның жайын күйттеп, жолға бір күннен соң шығу қажет болды. Бірақ біздің, тұтынушының, жоспары «FlyArystan» сияқты «алыптарды» алаңдата қоймайды екен.
Өздері ашылған кезде де, одан бері де билеттің неге арзан болатынын жиі түсіндіреді. Қазір жолға шығар уақыт таяғанда алсақ, анау айтқандай арзан да емес. Компания билет ақшасын жүк тасымалынан, сусындар мен тамақтар сатудан және әуе кемесінің ішінде орынның біркелкілігінен толықтырып алатынын алға тартады. Біздіңше олай емес сияқты. Билетінің уақытын жаңартып жүргендерді жиі көреміз ғой. «Ваучер» ұғымын да жадымыз жатырқай қоймайды.
Алматы - Нұр-Сұлтан және Нұр-Сұлтан – Алматы бағытына алған билетке 34 271 теңге төледік. Жолға белгіленген уақыттан бір күннен кейін шығу қажет болды. Таңдауымыз осы компанияда қалған еді. Билетті өзгерту үшін 2 500 теңге, билетті қайтарғанымыз үшін 7 000 теңге айыппұл төлеу керек екен. Ал екінші билетті алу үшін тарифке байланысты 16 000 теңге төлеуге тура келді. Билеттің құнынан (34 271 теңге) компания өзіне қалдыратын ақшаны (25 500 теңге) азайтсақ, қолымызға 8 771 теңге ғана тиеді екен. Бұл қанау ма әлде алдау ма?
Біздіңше, «FlyArystan» әуе компаниясының бұл әрекеті «ваучер» қағидасына томпақ келеді. Өйткені «ваучерді» пайдалану үшін билетті өткізгені үшін ғана, біздің жағдайымызда 2 500 теңге ғана айыппұл төлеуіміз керек.
Еліміздегі тұңғыш лоукостердің сыйқы – осы. Қарапайым жұртшылықтың есебінен пайда көру – өте ауыр іс. «FlyArystan» компаниясының «араны ашылды ма» деп сауал тастауымыздың сыры осы еді...